2025 жылғы 11 қарашада Академияда «Өнертану» білім беру бағдарламасының докторанттары Саттыбаева Саида Дулатовна мен Жунусов Серик Казыркановичтің Ташкент қаласындағы Өзбекстан Көркемсурет академиясында өткен ғылыми тағылымдамасының қорытынды есебі өтті.
Есеп барысында докторанттар ғылыми тағылымдама аясында атқарылған зерттеу жұмыстары, халықаралық ғылыми және мәдени іс-шараларға қатысу нәтижелері, сондай-ақ алған кәсіби тәжірибелері туралы баяндады.
Тағылымдама кезінде докторанттар халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, өз зерттеулерінің нәтижелерін халықаралық ғылыми қауымдастық алдында таныстырды. Сонымен қатар Өзбекстанның жетекші мәдени және білім беру мекемелеріне, музейлерге, театрларға, көркем көрмелер мен шығармашылық алаңдарға барып, ғылыми көзқарастары мен кәсіби құзыреттерін кеңейтті.
Тағылымдаманың маңызды бағыттарының бірі диссертациялық зерттеулерге қажетті ғылыми материалдар мен арнайы әдебиеттермен жұмыс жасау болды. Докторанттар шетелдік мамандармен өткен консультациялар мен Өзбекстан Көркемсурет академиясындағы әріптестермен ғылыми байланыстардың маңыздылығын атап өтті.
Тағылымдама қорытындысы бойынша зерттеу жұмыстарының алдағы бағыттары айқындалып, өнер және өнертану саласындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Іс-шараға Академияның профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен білім алушылар қатысты.