Сайт бойынша іздеу
«Домбыра – Ұлы даланың үні»: Ұлттық домбыра күніне орай кітапханада кітап көрмесі ұйымдастырылды

Шілде айының алғашқы жексенбісінде жыл сайын атап өтілетін Ұлттық домбыра күні қарсаңында Хореография академиясының кітапханасында «Домбыра – Ұлы даланың үні» атты кітап көрмесі ашылды.

Домбыра – халқымыздың ұлттық музыкалық аспабы ғана емес, қазақ халқының рухани мұрасының, бай тарихы мен мәдениетінің, Ұлы даланың сан ғасырлық салт-дәстүрінің айшықты белгісі. Ғасырлар бойы оның қоңыр үні ел өміріндегі елеулі оқиғалардың үнқатысына айналып, ал күй өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес мәдени мұра ретінде сақталып келеді.

Көрмеде оқырмандар домбыраның шығу тарихы, құрылысы мен жасалу ерекшеліктері, орындаушылық өнері және қазақтың аспаптық музыкасының бай мұрасы туралы баяндайтын басылымдармен таныса алады. Көрмеге Ж. Нәжімеденовтің «Домбыра ойнау оңай ма?», «Қоңыр үнді домбыра», Ж.А. Тұрдығұловтың «Домбыра. Қазақ домбырасының құрылымы және жасалу технологиясы», М. Хұсайынұлының «Алтай – Қобда қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері», Ю. Аравинның «Қазақтың аспаптық музыкасы: күйден симфонияға дейін» атты еңбектері және басқа да басылымдар қойылған.

Кітап көрмесі студенттерді, оқытушыларды және ұлттық мәдениетті қастерлейтін барша оқырманды домбыра өнерінің бай әлемімен танысуға, қазақтың күйшілік дәстүрінің тарихына тереңірек үңілуге және бүгінгі ұрпақты да шабыттандырып келе жатқан рухани мұраның құндылығын сезінуге шақырады.