Сайт бойынша іздеу
Эдуард Мальбековті еске алу

Қазақ ұлттық хореография академиясы көрнекті балет әртісі, педагог, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Эдуард Джабашұлы Мальбековтің дүниеден өтуіне байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Өмірін сахнаға, педагогикаға және хореографиялық өнерге арнаған Эдуард Мальбековтің есімі отандық балет өнерінің тарихында мәңгі сақталады. Өнерге сіңірген өлшеусіз еңбегінің арқасында артында мол шығармашылық мұра, өшпес із және өзінен тәлім алған талантты шәкірттердің тұтас бір буыны қалды.

Эдуард Джабашұлы 1941 жылғы 13 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік хореографиялық училищесін тәмамдады. Оның ұстаздары М. М. Мроз, А. В. Селезнев және В. Е. Николаев болды. 1959–1960 жылдары КСРО Үлкен театры жанындағы Мәскеу хореографиялық училищесінде тағылымдамадан өтті.

1960–1984 жылдары Эдуард Мальбеков Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі болды. Сахналық қызметі жылдарында ол «Аққу көліндегі» Ротбарт, «Дон Кихоттағы» Эспада, «Жалын құстағы» Кощей, «Жизельдегі» Ганс, «Спартактағы» Красс және басқа да көптеген жарқын партияларды орындады. Оның шығармашылық жолында 1974 жылы Заурбек Райбаев қойған Арам Хачатурянның «Спартак» балетіндегі Красс партиясы ерекше орын алады.

1973 жылы Эдуард Мальбековке «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағы берілді. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Сахналық мансабын аяқтағаннан кейін Эдуард Джабашұлы хореографиялық өнерге басшы, балетмейстер және педагог ретінде қызмет етуді жалғастырды. 1986–1988 жылдары А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін басқарды. Кейін училищеде көркемдік жетекші әрі педагог болып еңбек етті, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының хореография факультетінде сабақ берді, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблімен, «Самұрық» заманауи би театрымен және басқа да шығармашылық ұжымдармен ынтымақтастықта болды.

Эдуард Мальбеков дарынды әртіс қана емес, көрнекті ұстаз әрі тәлімгер болды. Оның шәкірттері қатарында қазақстандық балет сахнасының танымал өкілдері Алексей Сафронов, Дастан Чиныбаев, Яссауи Мергалиев, Асет Мурзакулов, Фархад Буриев және тағы басқалар бар. Шәкірттері мен әріптестері оның ерекше педагогикалық шеберлігін, әртістің жеке даралығын аша білу қабілетін және мамандыққа деген жауапкершілікпен қарауды қалыптастырудағы еңбегін жоғары бағалады.

Шебердің шығармашылық мұрасында балетмейстерлік және қойылымдық жұмыстары да маңызды орын алады. Олардың қатарында А. Бородиннің Касьян Голейзовский хореографиясындағы «Половец билері», Карлос Монтойяның «Хикуэлинасы», Луи Армстронг музыкасына қойылған «Танго» және басқа да шығармалар бар.

Эдуард Джабашұлы Мальбеков қазақстандық балет өнерінің тарихында өшпес із қалдырды. Оның сахналық шеберлігі, педагогикалық тәжірибесі, өнерге деген адалдығы мен жас ұрпақ әртістерін тәрбиелеуге қосқан үлесі шәкірттерінің шығармашылығында және отандық хореографиялық мектепте жалғасын табады.

Қазақ ұлттық хореография академиясы Эдуард Джабашұлы Мальбековтің туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне, сондай-ақ марқұмды білетін барша азаматтарға шын жүректен көңіл айтады.

Ұстаз рухына тағзым. Жарқын бейнесі мәңгі жадымызда.