Сайт бойынша іздеу
Ертегідей сәт: Қазақ ұлттық хореография академиясының түлектері дипломдарын Astana Opera сахнасында алды

“Astana Opera” театрында ерекше оқиға – Қазақ ұлттық хореография академиясының түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Бұл шара – түлектердің ұзақ та жауапты оқу жолының мәресіне жеткенін білдіретін маңызды белес. Жас әртістердің жарқын болашағына жол ашылып отыр. Салтанатты кешке Академия оқытушылары, түлектердің ата-аналары және басқа да қадірлі қонақтар жиналып, түлектерді мансап жолындағы үлкен әрі маңызды қадамымен құттықтады.

Салтанатты рәсім барысында Академияның Көркемдік жетекшісі, Ресей Федерациясының халық әртісі Алтынай Асылмұратова, Академия ректоры Бибігүл Нүсіпжанова, және «Astana Opera» театры балет труппасының жетекші солисті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мадина Өнербаева түлектерге ақжарма тілектерін арнап, шын жүректен құттықтауларын жеткізді.

Академияның Көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова өз құттықтауында:

“Мен сіздердің өз орындарыңызды тауып, шынайы бақытты боласыздар деп сенемін. Ең бастысы – уақытты босқа жібермеңіздер. Себебі, уақыт өте тез өтеді. Сондықтан өздеріңізді үздіксіз шыңдап, дамып отырыңыздар және сіздерге шексіз бақыт тілеймін! ” – деп атап өтті.

Академия ректоры Бибігүл Нүсіпжанова өз сөзінде: “Құрметті түлектер! Бүгін – бәріміз үшін ерекше әрі айтулы күн. Сіздер Қазақ ұлттық хореография академиясынан, ыстық ұяларыңыздан, білім мен тәрбие, өнерге деген сүйіспеншілік алған алтын ордадан қанат қағып ұшқалы тұрсыздар. Сіздер – мәдениетіміздің болашағы, еліміздің мақтанышы мен үмітісіздер. Шығармашылық жолдарыңыз әрқашан сәтті болсын, кәсіби шеберліктеріңіз үнемі шыңдала берсін. Болашақтарыңыз жарқын, ал жолдарыңыз ашық болғай!” – деді.

Биыл Академияны 117 білім алушы тәмамдады, оның ішінде 14 түлек үздік диплом иегерлері атанды. Олардың қатарында кәсіби білім беру мектебі-колледжінің “Хореография өнері” мамандығы бойынша 54 түлегі “Балет артисі” және “Би ансамблінің артисі” біліктіліктерін алды. Сонымен қатар, 42 бакалавриат түлегі “Хореографиялық өнер педагогикасы”, “Балетмейстерлік өнер”, “Арт-менеджмент”, “Өнертану” мамандықтары бойынша білім алды. 21 магистрант “Хореография”, “Өнертану” және “Арт-менеджмент” мамандықтары бойынша оқуын аяқтады.

Айта кету керек, биылғы түлектер қатарында Индонезия, Эстония, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген шетелдік студенттер де бар. Бұл – Академияның халықаралық байланыстарының дамып келе жатқанын көрсетеді.

Индонезиялық магистратура түлегі Агунг Сапутра “Хореография” білім беру бағдарламасы бойынша оқуын аяқтап: “Бұл – мен үшін үлкен тәжірибе болды. Білімімді аяқтағаныма өте қуаныштымын. Қазақ ұлттық хореография академиясының профессорларына, оқытушылары мен барлық ұжымына алғысымды білдіремін», – деп бөлісті.

“Хореография өнерінің педагогикасы” бағдарламасы бойынша бакалавриатты аяқтаған Айза Бекәлі өз әсерімен: “Сәл көңіл-күйім де болмай тұр, өйткені осы уақыт ішінде Академияға, ұстаздарға бауыр басып кеттік. Оларға үлкен алғысымызды білдіреміз – бағыт-бағдар беріп, сапалы білім сыйлады. Академия көптеген қызықты шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Жалпы оқу кезеңі өте мазмұнды, қызықты әрі тамаша өтті!” – деп алғысын білдірді.

Барлық түлектерді оқу жылының аяқталуымен және өмір жолындағы жаңа кезеңнің басталуымен шын жүректен құттықтаймыз! Мақсаттарыңыз айқын, жетістіктеріңіз мол болсын!