Сайт бойынша іздеу
Германияда өтетін жазғы Универсиадада ел намысын 76 спортшы қорғайды

2025 жылдың 16-27 шілде аралығында Германияның Рейн-Рур аймағы нағыз спорт мерекесіне айналады. Мұнда өтетін ХХХІІ Дүниежүзілік жазғы Универсиадада Қазақстандық спортшылар өз бақтарын сынамақ. Биыл еліміздің атынан 76 спортшы 12 түрлі спорт түрі бойынша жарыс жолына шығады. Ұлттық құраманың сапында бұдан бөлек 18 жаттықтырушы мен 6 ресми өкіл бар.

Биылғы жазғы Универсиада жарыстары Германияның бірнеше қаласында — Берлин, Дуйсбург, Бохум, Эссен, Хаген және Мюльхаймде өтеді. Аталған дүбірлі дода — Халықаралық университеттік спорт федерациясының (FISU) ұйымдастыруымен өтетін әлемдік деңгейдегі ірі спорттық шара.

Байрақты бәсекеде 8500-ден астам спортшы 18 спорт түрінен 234 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Жарыс бағдарламасына жеңіл атлетика, жүзу, ескек есу, семсерлесу, гимнастика, жебе ату, таэквондо секілді танымал спорт түрлері енген.

Қазақстан студенттік Универсиадаға 1993 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Осы уақыт аралығында отандық спортшылар бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарынан көрініп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Толығырақ: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1034859?lang=kk