Сайт бойынша іздеу
Хореография академиясында мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқыған түлектердің міндетті өтеу және жұмыспен қамтылу мәселелеріне арналған кездесу өтті

2025 жылғы 14 сәуірде Хореография академиясының конференц-залында бітіруші курс студенттерімен кездесу өтті. Іс-шара мемлекеттік білім беру гранты негізінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алған түлектердің жұмыспен қамтылуы мен міндетті өтеу тәртібін түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік білім беру гранты есебінен білім алған барлық түлектер Қазақстан Республикасының ұйымдарында үш жыл немесе соған тең мерзімде міндетті еңбек қызметін өтеуге тиіс.

Кездесу барысында «Қаржы орталығы» АҚ-ның жұмыспен өтеу міндеттемелерінің орындалуын бақылауға уәкілетті өкілі – Серікқали Ақзира Серікқалиқызы студенттермен кездесті. Ақзира Серікқалиқызы өз баяндамасында келесі негізгі мәселелерге тоқталды:

  • міндетті өтеу тәртібі және оның мерзімдері;
  • грант шартының орындалмауына байланысты жауапкершілік, оның ішінде айыппұлдар мен грант құнын өтеу міндеттемесі;
  • түлектердің міндетті өтеуді дұрыс орындауы үшін қабылдауы тиіс нақты қадамдар.

Сонымен қатар, Ақзира Серікқалиқызы жұмыспен қамтылуға саналы көзқарас танытудың және мемлекет алдындағы міндеттемелерді орындаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік грант – бұл тек білімге салынған инвестиция ғана емес, сонымен қатар түлектің кәсіби қоғамдастыққа тиімді бейімделуіне ықпал ететін жауапкершілік.

Кездесу барысында түлектердің сұрақтарына жауап беріліп, жұмыспен қамтылу туралы есеп беру рәсімдері түсіндірілді.