Қазақ ұлттық хореография академиясы хореография факультеті деканының орынбасары Евгений Моисеев еліміздің жоғары консультативтік органы «Қазақстан Халық Кеңесі» жанынан құрылған Жастар қозғалысының алғашқы құрамына ресми түрде қабылданды.
Жаңа республикалық қозғалыстың қатарына еліміздің барлық өңірлерінен ғылым, мәдениет, білім беру, креативті индустрия және азаматтық сектор салаларының өкілдері болып табылатын 126 жас қазақстандық енді. Қатысушылар саны Кеңес мүшелерінің санына сәйкес символдық түрде таңдалған: жастар қанатының әрбір өкілі «Қазақстан Халық Кеңесінің» мүшелерімен кері тәлімгерлік форматында бірлесіп жұмыс істеп, бейінді комитеттердің қызметіне және қоғамдық бастамаларды әзірлеуге атсалысады.
Қозғалыс аясындағы қызметінде Евгений Моисеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» қағидаттарына сүйене отырып, білім беру, мәдениет және жастар саясаты салаларын дамытуға баса назар аударуды көздейді.
Академия ұжымы мен басшылығы Евгений Моисеевті кәсіби және қоғамдық еңбегінің жоғары бағалануымен құттықтап, республикалық деңгейдегі жұмысына сәттілік тілейді!