Қазақ ұлттық хореография академиясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі өткізетін «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2026» атағын беру конкурсының I кезеңі қорытындыланды.
Конкурстың жоғары оқу орны ішіндегі кезеңі 2026 жылғы қараша айында өтті. Конкурстық іріктеу барысында қатысушылардың кәсіби жетістіктері, ғылыми-педагогикалық және оқу-әдістемелік қызметінің нәтижелері, сондай-ақ білікті мамандар даярлауға қосқан үлесі қарастырылды.
Академияның Ғылыми кеңесінің шешіміне сәйкес (2026 жылғы 19 қарашадағы № 3а хаттама) филология ғылымдарының докторы, профессор Толысбаева Жанна Жеңісқызы конкурстың I кезеңінің жеңімпазы болып танылды.
Жеңімпаздың конкурстық материалдары «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2026» атағын беру конкурсының II республикалық кезеңіне қатысу үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданады.
Жанна Жеңісқызын жеңісімен құттықтаймыз! Республикалық кезеңде Академияны лайықты таныстырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне және ғылыми-педагогикалық қызметінде жаңа табыстарға жетуіне тілектестік білдіреміз!