Қазақ ұлттық хореография академиясына Испаниядан құрметті қонақтар – Испания ұлттық балетінің әртісі әрі хореографы Карлос Ромеро және оның ассистенті Люсия Гарсия келді.
Шығармашылық сапар аясында Карлос Ромеро Академияның хореография факультетінің және кәсіптік білім беру мектеп-колледжінің білім алушыларымен классикалық испан биін қою бойынша жұмыс жүргізеді. Ол білім алушыларды испан хореографиялық мектебінің ерекшеліктерімен, оның стилистикасымен, музыкалылығымен және қозғалыстың ұлттық сипатымен таныстырады.
Қою жұмысының музыкалық негізі ретінде Морис Равельдің «Boléro» шығармасы, сондай-ақ «El sombrero de tres picos» («Үш бұрышты қалпақ») балетіндегі «Las jotas» таңдап алынды.
Жұмыс білім алушылардың жас ерекшеліктері мен дайындық деңгейін ескере отырып жүргізіледі: хореограф материалды әртүрлі топтарға бейімдей отырып, испан биінің төлтума болмысын, оның ырғақтық күрделілігін, мәнерлілігін және сахналық энергиясын сақтайды.
Хореографтың ассистенті Люсия Гарсия репетициялық процесті сүйемелдеп, орындау техникасын, музыкалық екпіндерді және стильдік нәзік тұстарды пысықтауға көмектеседі.
Бұл сапар Академияның халықаралық шығармашылық ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадам болып табылады және студенттерге испан балет мектебінің жетекші өкілдерімен жұмыс істеу арқылы кәсіби тәжірибе жинақтауға, көркемдік дүниетанымын кеңейтуге және ұлттық хореография саласындағы білімдерін тереңдетуге бірегей мүмкіндік береді.
Испаниялық қонақтардың келуі Академия мен Қазақстандағы Испания Елшілігі арасындағы жас дарындарды қолдауға бағытталған бірлескен білім беру жобасы аясында қалыптасқан нәтижелі ынтымақтастық пен Елшіліктің жан-жақты қолдауының арқасында мүмкін болды.