Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясы мен Болат Аюханов атындағы Мемлекеттік академиялық би театры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қазақ ұлттық хореография академиясы мен Қазақстан Республикасының Болат Аюханов атындағы Мемлекеттік академиялық би театры арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Құжатқа Академия ректоры Бибігүл Нүсіпжанова мен Театр директоры Жәнібек Өтегенов қол қойды.

Бұл серіктестік кәсіби хореографиялық білім беру мен еліміздің жетекші сахналық алаңы арасындағы байланысты нығайтуға, орындаушылық өнерді дамытуға, сахналық тәжірибе ұйымдастыруға және жас мамандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге бағытталған.

Меморандум ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымды бағыттарын қамтиды. Театр өкілдері – көркемдік жетекші, балетмейстерлер және педагог-репетиторлар Академияның мемлекеттік бітіру емтихандарына, қорытынды аттестаттауларына және есеп беру концерттеріне шақырылатын болады. Бұдан бөлек, тараптар бітіруші курс студенттеріне арналған арнайы кәсіби байқаулар (қаралымдар) мен кәсіптік бағдар беру кездесулерін өткізуді жоспарлап отыр. Онда студенттер театр репертуарымен, еңбек жағдайларымен және труппадағы өзекті бос жұмыс орындарымен таныса алады.

Сонымен қатар балет әртістерін даярлау бағыттары бойынша білім алушылар Театр базасында өндірістік практикадан өтіп, дайындық процесімен танысуға, қойылымдық жұмыстар мен жекелеген сахналық жобаларға қатысуға мүмкіндік алады. Концертмейстер мамандығында оқитын студенттердің классикалық би сабақтары мен балет дайындықтарын музыкалық сүйемелдеу бойынша практикадан өтуіне де ерекше назар аударылған.

Құжат аясында шеберлік сабақтарын, ашық сабақтарды, ғылыми-әдістемелік іс-шаралар мен бірлескен концерттік бағдарламаларды, соның ішінде көрнекті балетмейстер Болат Аюхановтың шығармашылық мұрасын сақтау және насихаттау бастамаларын жүзеге асыру көзделген.

Келісімге қол қою Академия студенттеріне кәсіби театр ортасына ерте бейімделуге және әлеуетті жұмыс берушімен тікелей байланыс орнатуға жаңа мүмкіндіктер ашады.