Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ресми түрде серіктес атанды

2026 жылғы 4 наурызда Қазақ ұлттық хореография академиясы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мәдениет, өнер және білім беру салаларындағы серіктестікті дамытуға бағытталған ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Ресми рәсім музейдің Ғылыми кітапханасында өтті. Музей директоры Берік Әбдіғалиұлы құттықтау сөзінде елдің жетекші мәдени және білім беру ұйымдарының күш біріктіруінің маңыздылығын атап өтті. Академияның ректоры Бибігүл Нүсіпжанова сөз алып, ғылымды, хореографиялық өнерді және музей кеңістігін ықпалдастырудың жаңа буын мамандарын даярлаудағы рөлін ерекше атап өтті.

Меморандум бірлескен қызметтің кең аясын қамтиды: тарап өкілдерін дәріс оқуға және тәжірибе алмасуға шақыру, білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, конференциялар, семинарлар, симпозиумдар мен дөңгелек үстелдер өткізу, ғылыми жарияланымдар мен оқу-әдістемелік материалдармен алмасу, ғылыми жұмыстарға өзара пікір беру, магистранттар мен докторанттарға тағылымдамалар ұйымдастыру, сондай-ақ жастарды рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиеге бағытталған іс-шаралар өткізу.

Сонымен қатар, тараптар музей алаңында концерттік бағдарламалар, шағын спектакльдер көрсетілімдері, көрмелер, шеберлік сабақтары мен шығармашылық кездесулерді бірлесіп ұйымдастыруға, сондай-ақ жетекші ғалымдар мен салалық мамандарды тарта отырып ғылыми жобаларды іске асыруға келісті.

Меморандумға қол қою рәсімі Академия білім алушыларының орындауындағы «Нәзік» хореографиялық нөмірімен басталды. Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Іс-шара «Тоқым қағар» нөмірімен жалғасып, естелік суретке түсумен және музейге экскурсиямен қорытындыланды.

Құжатқа қол қою институтаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы болды және алдағы уақытта отандық өнерді, ғылымды және мәдени мұраны дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.