Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясы жапон мектебі үшін шеберлік сабақтарын өткізді

2025 жылғы 10–15 қараша аралығында Қазақ ұлттық хореография академиясында жапон мектебі үшін шеберлік сабақтары өтті.

Токио (Жапония) қаласындағы Yoshiko Takagi Ballet School мектебінен келген 23 білім алушы және 3 педагогтан тұратын делегация Академия базасында жыл сайын ұйымдастырылатын күзгі мектепке қатысты.

Бір апта бойы жапон қонақтары халықтық-сахналық және классикалық би бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Сонымен қатар академия қызметкерлері мәдени-сауық бағдарламасын ұйымдастырды: ҚР Ұлттық музейіне, «Астана Опера» және «Астана Балет» театрларына экскурсиялар, қаланың көрікті жерлеріне шолу – Бәйтерек, Бас республикалық мешіт, ЭКСПО, Mega Silk Way. Қонақтар «Астана Балет» театрындағы «Ромео мен Джульетта» қойылымын тамашалап, Астанадағы дүкендердің бірінен ұлттық кәдесыйлар сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Есие Нарисава Қазақстанда болған әсерімен бөлісті:

«Біздің балаларға Академия өте ұнады, жергілікті педагогтармен бірге оқу және олардың жұмысын бақылау қызықты болды. Астана да қатты ұнады – Жапонияда қар аз жауады, ал кейбір балалар тіпті бұрын көрмеген. Барлығы шеберлік сабақтары мен экскурсиялардан керемет әсер алды.

Шеберлік сабақтарында маған педагогтардың балаларға орындау тазалығын, қол мен аяқтың дұрыс позицияларын үйрететіні ұнайды. Біз де өзімізде осы бағытта жұмыс істеуге тырысамыз, бірақ бұл оңай емес.

Әр сапарға мен әртүрлі балаларды ертіп келемін. Оқыту әр балаға әртүрлі әсер етеді, бірақ бізді әрқашан өте мықты педагогтар қарсы алады, ал балалар білімді зор ынтамен қабылдайды. Сіздердің елдеріңізге келген сапарларымыз әрдайым өте жақсы, жағымды әсер қалдырады.

Мен Қазақстанда бірнеше рет болдым, соның ішінде балет әртісі ретінде өнер көрсеткен Алматы қаласында да.

Қазақстандықтар әрдайым жылы қабылдайды. Қазақстан маған жақын, тіпті халықтарымыздың арасында ұқсастық бар сияқты. Сондықтан мен мұнда өзімді бөтен сезінбеймін, үйдегідей жайлы атмосфера бар.

Болашақта Қазақ ұлттық хореография академиясына мүмкіндігінше көп баланы алып келгім келеді, олар қазақстандық балет мектебінің жоғары деңгейін көрсе екен».