Сайт бойынша іздеу
Концертмейстерлік шеберлік және фортепиано бөлімінің есептік концерті өтті

2025 жылғы 14 мамырда Қазақ ұлттық хореография академиясында Концертмейстерлік шеберлік және фортепиано бөлімінің есептік концерті өтті.

Концерт барысында Академия оқушылары мен студенттері бір жыл бойы алған білімдерінің, ұзақ дайындықтарының нәтижесін көрсетті. Олар ұстаздарының сенімін ақтап, сахнада жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберліктерін паш етті.

Шарада жас өнерпаздар фортепианоның сырлы үнімен әлемдік классиктердің туындыларын және ұлттық рухты айшықтайтын қазақстандық композиторлардың шығармаларын орындады.

Олардың қатарында отандық композитор Ә. Абдинуровтың «Туған жер» композициясы, шетелдік авторлардан — Д. Эберхардтың «5 нота», Ю. Шуровскийдің «Чех халық әнінің вариациясы», Джон Уильямстың «Cantina Band», Ж. Л.-ның «Swaying Bough» сияқты шығармалар орындалды.

Бағдарламада студенттерден бөлек, оқытушылар да өнер көрсетті. Жданис Шаукебаева Р. Щедриннің «Basso Ostinato» шығармасын, ал Александра Шмелевамен бірге А. Пьяццоланың «Жыл мезгілдері» циклінен «Көктем» туындысын жоғары шеберлікпен орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Академиямызда кәсіби деңгейі жоғары, білікті педагогтардан білім алған студенттерді алда үлкен шығармашылық жетістіктер күтіп тұрғаны сөзсіз.