Сайт бойынша іздеу
Креативті индустрияны дамыту қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

2026 жылғы 15 қыркүйекте Қазақ ұлттық хореография академиясы Креативті индустрияны дамыту қорымен серіктестікті ресми түрде бекітті. Құжатқа Академия ректоры Бибігүл Нүсіпжанова мен Қордың Басқарма төрағасы Ерлан Қаналимов қол қойды.

Бұл келісім Қазақстандағы хореография өнерін дамыту және креативті индустрия саласындағы жас таланттарды қолдау үшін жаңа көкжиектер ашады. Өзара іс-қимылдың басты мақсаты — академиялық дәстүрлер мен заманауи креативті тәсілдерді біріктіруге мүмкіндік беретін бірлескен мәдени, шығармашылық және білім беру бастамаларын іске асыру.

Меморандум аясында болашақ мамандарды практикалық даярлауға ерекше назар аударылады. Академияның білім алушылары Қор базасында тағылымдамадан және өндірістік практикадан өтудің бірегей мүмкіндігіне ие болады, бұл олардың мансабының сәтті басталуын және құнды кәсіби тәжірибені қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, жоғары оқу орнының білім алушылары, оқытушылары мен шығармашылық ұжымдары Қор ұйымдастыратын немесе қолдайтын ауқымды мәдени жобалар мен іс-шараларға белсенді қатыса алады. Тараптар сондай-ақ тұрақты тәжірибе алмасуды және өзара қызығушылық тудыратын ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуды көздеп отыр.