Сайт бойынша іздеу
Күздің басты балет оқиғасы: Астанада IV «Temps lié» халықаралық фестивалі өтеді

20–22 қараша аралығында Қазақстанның елордасында Қазақ ұлттық хореография академиясының ұйымдастыруымен хореографиялық оқу орындарының IV «Temps lié» халықаралық фестивалі өтеді. Бұл – әсемдік пен сыпайылықтың, жоғары орындаушылық шеберлік пен ұрпақтар сабақтастығының шынайы мерекесі.

Фестиваль әлемнің жетекші балет мектептері, танымал педагогтер мен жас таланттар арасындағы диалог алаңына айналады. Үш күн бойы көрермендер балет өнерінің тарихы мен заманауи болмысына терең бойлай алады.

20 қараша – Салтанатты ашылуы: «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балеті

Ашылу күні көрермендерге классикалық мұраның гауһар тасы – ұлы Мариус Петипаның 1904 жылы дүниеге әкелген көркемдік ойының жемісі Рикардо Дригоның музыкасына жазылған балет ұсынылады. Бұл туынды араға бір ғасыр салып, балетмейстер Василий Медведевтің тарапынан эксклюзивті түрде тек Академия білім алушылары үшін қайта жаңғыртылды. Ертегіге бергісіз атмосфера Жандос Омаровтың декорациялары мен Санкт-Петербургтегі Театр және музыка өнері музейінің қорынан алынған Иван Всеволожскийдің бірегей эскиздері бойынша жасалған Наталья Протасованың костюмдері арқылы жан кіреді.

21 қараша – Қатысушылардың Гала-концерті: «Хореография мектептерінің әлемдік шоқжұлдызы»

Фестивальдің екінші күні Astana Ballet сахнасында Қазақстан, Ресей, Қытай, Венгрия, Бразилия, Өзбекстан, Моңғолия және Қырғызстанның жеті жетекші балет мектебінің тәрбиеленушілерін біріктіреді. Жас әртістердің орындауында өшпес классикалық дәстүрлер, заманауи хореографиялық бейнелер мен жарқын ұлттық сарындар қайта жанданады.

22 қараша – Салтанатты жабылуы: «Академия түлектерінің шоқжұлдызы»

Академияның әр жылдардағы түлектерінің қатысуымен өтетін Гала-концерт фестивальдің жарқын түйіні болмақ. Бүгінде олар – Қазақстан мен әлемнің үздік театр сахналарында өнер көрсетіп жүрген танымал шеберлер. Бұл мерекелік концерт Академияның он жылдық жолының және отандық балет мектебінің жоғары құндылығының символына айналады.

Елорда тұрғындары мен қонақтарын жан дүниеге шабыт сыйлап, ұлы өнердің құдіретін сезінуге жетелейтін ғажайып кештің куәсі болуға шақырамыз!