2026 жылғы 21–26 қыркүйек аралығында Қазақ ұлттық хореография академиясында кәсіби білім беру мектеп-колледжінің білім алушылары мен хореография факультетінің студенттеріне арналған қойылымдық жұмыс өтті.
Бір апта бойы Бейжің би академиясының педагогі, хореограф, Қытайдың мемлекеттік бірінші санаттағы әртісі Чжан Лэ ассистенті У Тинь Сиянмен бірге «Би ансамблінің әртісі» біліктілігі бойынша білім алушылармен және хореография факультетінің студенттерімен жұмыс жүргізді.
Чжан Лэ — би білімі, сахналық орындаушылық және қытай ұлттық халық биін оқыту салаларына маманданған хореограф, педагог әрі орындаушы. Ол Қытай бишілер қауымдастығының және Бейжің бишілер қауымдастығының мүшесі. Чжан Лэ дәстүрлі би аталымы бойынша VIII Сеул халықаралық би байқауының қола жүлдегері, «Айдың соңынан» қойылымын орындағаны үшін Бейжің би байқауының бірінші жүлде иегері, сондай-ақ «Таоли кубогы» ұлттық байқауының бірнеше мәрте жүлдегері. Оның хореографиялық туындылары халықаралық байқаулар мен Қытайдың жетекші сахналарында бірнеше рет ұсынылған.
Сабақтар барысында хань халқының дәстүрлі биіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар оның өзіндік пластикасымен, хореографиялық лексикасымен, орындау мәнерімен және сахналық бейнелеу ерекшеліктерімен танысты.
Білім алушылар жаңа хореографиялық материалды меңгеріп қана қоймай, қытай би өнерінің дәстүрлерімен тереңірек танысты. Олар бидің ұлттық сипатын сезініп, оны қимыл-қозғалыс, пластика және сахналық мәнерлілік арқылы жеткізуді үйренді.
Қойылымдық жұмыс барысында хореограф пен орындаушылардың өзара әрекеттесуіне, ансамбльдік үйлесімге, орындау дәлдігіне және тұтас сахналық бейне қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.
Шеберлік сабақтарының қорытындысы бойынша Академияның репертуары Чжан Лэ қойған «Таулар мен өзендерге арнау» және «Янге биі — жүректер бірлігі» атты екі жаңа хореографиялық туындымен толықты.
Астанада болған уақытында Чжан Лэге арнайы мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Хореограф елорданың сәулетіне, ұлттық мәдениетке және Қазақстан халқының қонақжайлығына тәнті болғанын жеткізіп, Қазақстанмен танысудан ерекше әсер алғанын атап өтті.
Қойылымдық жұмыстың өткізілуі Академияның халықаралық ынтымақтастығындағы маңызды қадам болды. Жоба білім алушылардың кәсіби дамуына, шығармашылық дүниетанымының кеңеюіне, педагогикалық және орындаушылық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Бейжің би академиясымен мәдени және білім беру байланыстарын одан әрі нығайтуға ықпал етті.