2025 жылғы 16 қаңтарда саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының музей-мемориалдық кешенінде «АЛЖИР» музыкалық-хореографиялық «А.Л.Ж.И.Р.» бейнебаянының таныстырылымы өтеді. Бұл туынды Ақмола лагерінде ауыр сынақтардан өткен, «халық жаулары» ретінде тұтқындалған, атылған азаматтардың әйелдері болғаны үшін ғана жазықсыз азап шеккен әйелдердің рухына арналады.
Бейнебаянның негізінде белгілі композитор Ақтоты Райымқұлованың «Толғау» атты музыкалық шығармасы жатыр, оны әйгілі «Туран» фольклорлық ансамблі орындап, өзіне тән өңдеуден өткізген. Клиптің баяндау желісінде қайғы мен үміт қатар өріліп, тарихтың күрделі беттері көрерменге жеткізіледі.
Клиптің идеясы – Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры, педагог-хореограф Алилла Алишеваның бастамасымен ұсынылды. Жобаны академияның хореографы, аға оқытушысы Анвара Садықова жүзеге асырды. Оператор және монтаж режиссері – Алексей Некрасов, ал басты орындаушы – академия магистранты Инкар Айдарханқызы.