Академия профессоры Гүлнара Юсуповна Саитованың «Uyghur Dance: Origins. Traditions. Stage Expression» («Ұйғыр биі: бастаулары, дәстүрлері, сахналық көрінісі») атты монографиясы Гарвард университетінің Harvard-Yenching Library кітапханасының қорына енгізілді.
Harvard-Yenching Library – Шығыс Азияға қатысты материалдарды сақтау және зерттеу саласындағы әлемдегі ірі ғылыми орталықтардың бірі. Оның қорында сирек басылымдар, тарихи құжаттар, қолжазбалар, фотосуреттер мен ғылыми еңбектер жинақталған. Олардың едәуір бөлігі Harvard Library порталы арқылы зерттеушілерге қолжетімді.
Гүлнара Юсупқызының монографиясының Гарвард университеті кітапханасының қорына енгізілуі – ғалым еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалуының айқын көрінісі. Бұл жетістік хореография өнері, мәдени мұра және Қазақстан халықтарының дәстүрлері саласындағы зерттеулерді әлемдік академиялық кеңістікте танытуға ықпал етеді.
Бұл – еңбек авторы үшін ғана емес, Академия мен бүкіл қазақстандық ғылым үшін маңызды жетістік. Гүлнара Юсупқызын айтулы ғылыми жетістігімен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, жаңа зерттеулер және халықаралық деңгейде толағай жетістіктер тілейміз!