Сайт бойынша іздеу
Академия ректоры Бибігүл Нүсіпжанова Дүниежүзілік би білімі альянсының (WDEA) бас ассамблеясына қатысты

Бүгін Дүниежүзілік би білімі альянсының (World Dance Education Alliance – WDEA) Бас ассамблеясы өтті. Әлемнің жетекші бейіндік жоғары оқу орындарының, театр және білім беру орталықтарының басшыларын біріктірген форумның жұмысына Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры, WDEA төрағасының орынбасары Бибігүл Нүсіпжанова қатысты.

Ассамблеяның ресми бағдарламасы аясында Бибігүл Нүсіпжанова құрметті миссиямен сөз сөйледі – ол Дүниежүзілік би білімі альянсының веб-сайтының ресми түрде іске қосылғанын жариялады.

Өз сөзінде ректор Альянс құрылған сәттен бері өткен екі жыл ішінде оның географиясы бес құрлықты қамтығанын, ал бірыңғай цифрлық платформаның іске қосылуы халықаралық байланыстарды нығайтудың заңды қадамы болғанын атап өтті:

«Альянс мүшелеріне тәжірибе және ресурстармен жан-жақты алмасуға мүмкіндік беретін сенімді алаң қажет, сайт дәл осы мақсатта әзірленді. Бұл – WDEA өзін әлемге танытатын ақпараттық кеңістік: мұнда келушілер біздің миссиямыз, Альянс мүшелері және оның қызметі туралы ақпарат ала алады. Осылайша, ынтымақтастыққа арақашықтық пен уақыт айырмашылығы енді кедергі келтірмейдіі», – деді ол.

Жаңа онлайн-платформа би қоғамдастығының өкілдеріне іс-шаралардың анонстарын жариялауға, оқу курстары мен хореографиялық шығармаларды санаттар бойынша жүйелеуге, сондай-ақ серіктестер арасында тікелей коммуникация орнатуға мүмкіндік береді. Бибігүл Нүсіпжанова, сондай-ақ, Бейжің би академиясына порталды әзірлеу және техникалық іске асыру бойынша атқарған ауқымды жұмысы үшін ерекше алғысын білдіріп, әріптестерін жаңа алаңда өз жобалары мен бастамаларын белсенді түрде бөлісуге шақырды.

Сайттың тұсаукесерінен басқа, Бас ассамблея қатысушылары WDEA қызметінің қорытындыларын шығарды, 2027 жылға арналған негізгі бастамаларды талқылады, Альянстың жаңа мүшелігіне үміткерлерді қарсы алды және хореография және орындаушылық өнер саласындағы бірлескен халықаралық жобаларды таныстырды. Отырысқа Қытай, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Румыния, Сингапур, Австралия, Өзбекстан, Вьетнам, Индонезия, Малайзия, Словакия және Черногорияның оқу орындары мен мәдени институттарының өкілдері қатысты.