Сайт бойынша іздеу
Академияректоры «Лазги» фестивалі аясындағы халықаралық ғылыми конференцияға қатысты

2026 жылғы 26–29 сәуір аралығында ректор Бибігүл Нүсіпжанова Өзбекстан Республикасының Хиуа қаласында өткен III Халықаралық би фестивалі «Лазги» аясындағы «Әлемдік мәдени дамудағы би өнері: дәстүрлер мен жалпыадамзаттық құндылықтар» атты III халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның және байқау бағдарламасының жұмысына қатысты.

Конференция Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрлігі, Хорезм облысы әкімдігі (хокимияты), ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы және басқа да халықаралық әрі ұлттық серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.

Бибігүл Нүсіпжанованың бұл халықаралық іс-шараға қатысуы ғылыми және мәдени байланыстарды нығайтуда, сондай-ақ хореографиялық өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады.

Іс-шараға Қазақстан, АҚШ, Түркия, Үндістан, Ресей және Еуропа елдерін қоса алғанда, 20-дан астам елден келген өнертанушылар, хореография саласының мамандары, ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Конференция барысында ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енген хорезмдік «Лазги» биінің бірегей мәдени мұрасын зерттеу және сақтау мәселелері, сондай-ақ жаһандану жағдайындағы хореографиялық өнердің заманауи даму үрдістері талқыланды.

Атап айтқанда:

  • «Лазги» биінің тарихи-философиялық және мәдени қырлары;
  • материалдық емес мұраны сақтаудың инновациялық тәсілдері;
  • халықаралық ғылыми және білім беру ынтымақтастығын дамыту мәселелері қаралды.

Форум аясында түркі әлеміндегі хореографиялық білім беру мекемелері басшыларының кездесуі өтіп, онда Түркі әлемінің дәстүрлі халық билерінің алты томдық «Антологиясын» әзірлеу бойынша ауқымды жоба талқыланды. Академия профессоры Тойған Ізім фестивальге қатысып, профессор Айгүл Күлбековамен бірлесіп әзірленген жобаның негізгі тұжырымдамасын ұсынды.

Сонымен қатар, Қазақ ұлттық хореография академиясындағы қазақ биі зертханасы базасында аталған антологияны одан әрі дамыту және кеңейту жоспарлануда.

Конференция қорытындысы бойынша би өнерін дамытуға және ғылыми зерттеулерді ілгерілетуге бағытталған тиісті резолюция қабылданды.