Сайт бойынша іздеу
Шығыс биінің теориясы, тарихы, әдістемесі және практикасы бойынша біліктілікті арттырудың алғашқы көшпелі курстары Алматы қаласында өтті

2026 жылғы 28–31 шілде аралығында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор, өнертану кандидаты Гүлнара Юсупқызы Саитова алғаш рет Алматы қаласында шығыс биінің теориясы, тарихы, әдістемесі және практикасы (ТИӘП) бойынша көшпелі біліктілікті арттыру курстарын өткізді.

Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – ұйғыр биінің мәдени мұрасын сақтау, оның орындаушылық және әдістемелік дәстүрлерін қазіргі заман талабына сай дамыту, сондай-ақ ұлттық хореография саласындағы педагог-хореографтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру. Курс аясында ұлттық би дәстүрлерінің сабақтастығын қамтамасыз етуге және ұйғыр би өнерін кәсіби ортада кеңінен насихаттауға ерекше назар аударылды.

Біліктілікті арттыру бағдарламасына Алматы қаласының жас педагог-хореографтары мен әуесқой хореографиялық ұжымдардың жетекшілері қатысты. Олардың қатарында «Guldeste», «Асаль», «Али» және «Рухсан» ансамбльдерінің өкілдері болды.

Төрт күндік курс барысында қатысушылар ұйғыр биінің қалыптасу тарихын, би лексикасының ерекшеліктерін, орындаушылық техникасын, стильдік қырларын және сахналық интерпретациясын меңгерді. Сонымен қатар ұлттық биді оқыту әдістемесіне арналған тәжірибелік сабақтар өткізіліп, қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ұлттық хореографияны сақтау мен дамытудың заманауи тәсілдерін игерді. Білім беру іс-шарасының ұйымдастырушысы Анварова Шахинур Марсжанқызы болды. Оның бастамасымен Алматы қаласында аталған курстар алғаш рет көшпелі форматта ұйымдастырылып, кәсіби қауымдастық өкілдерін бір алаңға тоғыстырды.

Алғашқы көшпелі біліктілікті арттыру курстарының өткізілуі ұлттық хореография саласындағы білім беру қызметін кеңейтудегі маңызды қадам болып, Қазақстандағы ұйғыр би өнерінің бай мұрасын сақтау, зерттеу және одан әрі дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың өзектілігін тағы бір мәрте айқындады.