Сайт бойынша іздеу
Студенттер мен оқытушылардың Республикалық олимпиада және халықаралық фестивальдегі жетістіктері

2026 жылғы 18-19 наурызда Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының студенттері арасында В028 «Хореография» білім беру бағдарламалары тобы бойынша XVIII Республикалық пәндік олимпиаданың II кезеңі өтті.

Олимпиадаға Хореография академиясының «Academy Stars» командасы қатысты. Команда құрамында Струсинская Милана, Тарибо Дария, Аубакирова Диана және Бекетбаева Аяулым болды. Команданың жетекшісі – педагогика ғылымдарының докторы, хореография педагогикасы кафедрасының профессоры Кульбекова А.К.

Қатысушыларды Академияның жетекші оқытушылары дайындады: халықтық-сахналық би пәнінің оқытушысы Алишева Алила Турсумбаевна және қазақ биі пәнінің оқытушысы Тойған Ізім Оспанқызы.

Жарыстың қорытындысы бойынша Хореография академиясының «Academy Stars» командасы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы командасымен бірге құрметті II орынды иеленді. I орынды ҚазҰҚПУ командасы жеңіп алды.

Студенттердің жетістіктерімен қатар, Академия оқытушыларының халықаралық жобаларға қатысуы да маңызды оқиға болды. А.В. Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінің шақыруымен Академия профессоры Алишева Алила Турсумбаевна VII «Өрлеу» халықаралық фестиваліне сарапшы ретінде қатысты.

Үш күн бойы сарапшылар алты елден келген қатысушылар ұсынған мазмұнды шеберлік сабақтарын тамашалады. Әсіресе, хореографиядағы ұлттық ерекшеліктерді сақтау және мәдени шынайылықты қолдауда оқыту әдістемесінің рөліне ерекше назар аударылды.

Академия атынан ерлердің қазақ биі бойынша шеберлік сабағын хореография факультетінің аға оқытушысы, докторант Алмат Шердарұлы Шәмшиев өткізді. Фестивальдің екінші күні өткен гала-концертте Академия студенттері жоғары кәсіби шеберліктерін көрсетті.

Фестиваль аясында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Академия профессоры А.Т. Алишева ғылым мен мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін Еуразия мәдениет қорының құрметті атағымен және медалімен марапатталды.

Бұл жетістіктер Академия студенттері мен оқытушыларының жоғары дайындық деңгейін, сондай-ақ олардың хореография өнерін ұлттық және халықаралық деңгейде дамытуға белсенді қатысатынын дәлелдейді.

Академия ұжымы Алишевa Алила Турсумбаевнаны жоғары марапатымен құттықтап, кәсіби қызметіне табыс тілейді!