2026 жылғы 21 мамырда «Астана Балет» театрының сахнасында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған «Мәдениет және инновациялар» республикалық форумы аясында мерекелік гала-концерт өтті.
Іс-шарада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөз сөйлеп, креативті индустрияның қарқынды дамуын және жас қазақстандық өнерпаздардың халықаралық сахнадағы жетістіктерін атап өтті.
Форум аясында Қазақстан Республикасының білім беру және мәдениет жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан мәдениет және өнер қайраткерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
2026 жылы Қазақ ұлттық хореография академиясынан жоғары мемлекеттік награда — «Құрмет» орденімен кәсіптік білім беру мектеп-колледжінің жетекшісі Светлана Кокшинова марапатталды.
«Құрмет» ордені 1993 жылы тағайындалған. Ол экономика, әлеуметтік сала, ғылым, мәдениет және білім беру салаларын дамытуға елеулі үлес қосқан, сондай-ақ белсенді қоғамдық қызметі мен адал еңбегі үшін азаматтарға табысталады.
Светлана Кокшинованың шығармашылық жолы — мамандыққа адалдық пен өнерге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Ол — балет әртісі, педагог-хореограф, өнертану ғылымдарының магистрі. Мәскеу академиялық хореография училищесін, сондай-ақ Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «хореография оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Бұған дейін Светлана Юрьевна «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болып, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатымен марапатталған.
Қазақ ұлттық хореография академиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға мәдениетті, оның ішінде хореография өнерін дамытуға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіреді. Сондай-ақ Академия Светлана Кокшинованы жоғары мемлекеттік наградасымен құттықтап, оған зор денсаулық, амандық, жаңа шығармашылық жетістіктер мен толағай табыстар тілейді!