Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясы проректорының Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамыту аясындағы делегация құрамындағы сапары

24-26 ақпан күндері Қазақ ұлттық хореография академиясының проректоры Айгүл Есентемірова қазақстандық делегация құрамында жұмыс сапарымен Мәскеу қаласына барды. Сапар барысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Мәскеу қаласында болған кезеңде делегация мәдениет саласындағы бірқатар жетекші ұйымдар мен мекемелерге барып, олардың басшылығымен жұмыс кездесулерін өткізді.

Делегация Гнесиндер атындағы музыкалық мектепке барып, мектеп директоры Михаил Хохловпен кездесті. Сондай-ақ Ресей тарихи қоғамының қабырғасында қоғам директоры Руслан Гаккуевпен кездесу өтті. Кездесуге Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Константин Могилевский қатысты. Сонымен қатар делегаттар Т-Банк кеңсесінде вице-президент Константин Маркеловпен және Орталық университет өкілдерімен кездесті.

Жұмыс сапары бағдарламасы аясында қатысушылар Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігіне барып, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаевпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында бірқатар мәселелер талқыланды. Ғылыми-білім беру ынтымақтастығы саласында бірлескен білім беру бастамаларын, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын іске асыру, сондай-ақ дөңгелек үстелдер, конференциялар мен өнер саласындағы зерттеулер өткізуді қоса алғанда, бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу және іске асыру мәселелері қарастырылды.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар әріптестік байланыстарды одан әрі кеңейтуге өзара қызығушылықтарын танытып, қол жеткізілген келісімдерді практикалық тұрғыда жүзеге асыруға дайын екендерін растады. Жұмыс сапары Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-білім беру диалогын нығайтудағы маңызды қадамға айналып, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және білім, ғылым, мәдениет пен өнер салаларында ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың тұрақты платформасын қалыптастыруға ықпал етті.