2026 жылғы 13 наурызда Қазақ ұлттық хореография академиясының оқу театрында алғаш рет «Мисс Академия – 2026» сұлулық пен талант конкурсы өтті. Бұл шара Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған болатын. Мерекеге студенттер, оқытушылар мен қонақтар жиналып, шығармашылыққа, сұлулыққа және мерекелік атмосфераға толы жарқын кештің куәсі болды.
Конкурс Академия өмірінде жаңа оқиғаға айналып, әдемі дәстүрдің бастамасы болды. Қатысушылар тек сыртқы сұлулығын ғана емес, талантын, ой-өрісін және харизмасын көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Өнер саласының кәсіби мамандары қатысушылардың өнерін бағалады. Әділ қазылар алқасының құрамында Astana Opera театрының жетекші балет солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мадина Унербаева; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Astana Opera театры мен Қазақ ұлттық хореография академиясының балет әртісі, педагог-репетиторы Рустем Сейтбеков; Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драмалық театр әртісі және JAN театрының режиссері Руслан Алишев; Астана Балет театры директорының орынбасары Александр Нам болды.
Конкурста Академияның тоғыз студенті бақ сынады: Адина Танирберген, Аяна Жакашева, Адия Тлекқабылова, Аделина Калдыгарина, Ару Әділгерей, Елдана Капенова, Шұғыла Игілік, Карина Бирулева және Марал Рахмедия.
Конкурс бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар өзін таныстырып, дефиле көрсетті. Содан кейін шығармашылық тур өтті, онда вокалдан бастап би мен аспаптық орындауға дейінгі таланттарын паш етті. Финалда қатысушылар әділ қазылар алқасының сұрақтарына жауап беріп, білімдерін, тапқырлығын және сахнадағы икемділігін көрсетті.
Конкурстың ерекшелігі – көрермендердің жеңімпаздарды анықтауға қатысуы болды. Экранда көрсетілген QR-код арқылы қонақтар өзге ұнаған қатысушыларға дауыс беріп, титулдарды анықтауға өз үлестерін қосты.
Кештің сәнін келтірген тағы бір ерекшелік – конкурсқа қатыспайтын шығармашылық нөмірлер. Көрермендер алдында QAZAQ VOICE тобы «Volare» және «Боз жорға» музыкалық композицияларымен өнер көрсетті. Сондай-ақ әділ қазылар алқасының отырысы барысында халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, «Арт-менеджмент» мамандығының 1-курс магистранты Алги Ақбике «Талғар» күйін орындады.
Конкурс нәтижесі бойынша «Көрермен көзайымы» (көрермендер сыйлығы) номинациясын Адия Тлекқабылова жеңіп алды. «Вице-Мисс Академия – 2026» атағын Шұғыла Игілік иеленді.
Конкурс жеңімпазы, яғни «Мисс Академия – 2026» атағы Елдана Капеноваға берілді.
Ұйымдастырушылар жоғары деңгейдегі ұйымдастыруды атап өтіп, «Мисс Академия» конкурсының Академияда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, шығармашылықты, талантты және студенттік белсенділікті біріктіретін шараға айналарына сенім білдірді.