Бүгін, 1 қыркүйекте Академия қабырғасында Білім күні мен жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиын өтті. Шығармашылық сыннан сүрінбей өтіп, оқуға түскен бірінші курс студенттері мен тәрбиеленушілер үшін алғашқы қоңырау соғылды.
Салтанатты шарада Академия ректоры, профессор Бибігүл Нұрғалиқызы Нүсіпжанова құттықтау сөз сөйледі. Оқу орнының басшысы жиналған қауымды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, болашақ өнерпаздардың алдында тұрған маңызды міндеттерге тоқталып өтті.
«Сіздер үлкен дайындықтан өтіп, шығармашылық конкурстың барлық күрделі кезеңдерін абыроймен еңсердіңіздер. Бұл әрқайсысыңыздың бойыңызда ерекше талант пен зор әлеует бар екенін дәлелдейді. Дегенмен, алда бұдан да ауқымды жұмыс пен қажырлы еңбек күтіп тұр. Нағыз өнер майталманы болып қалыптасу үшін күн сайын аянбай еңбек ету қажет. Баршаңызға шығармашылық табыс, төзімділік пен сәт сапар тілеймін!» – деді ректор.
Сонымен қатар мерекелік бағдарлама аясында ата-аналар мен қонақтар үшін Академияны таныстыру туры ұйымдастырылды. Оларға заманауи оқу аудиториялары, репетиция залдары мен шығармашылық шеберханалар көрсетіліп, балалардың білім алуы, тұруы және жан-жақты дамуы үшін жасалған қолайлы жағдайлар егжей-тегжейлі таныстырылды. Академия ұжымы барлық білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамын Білім күнімен құттықтайды! Жаңа оқу жылы шығармашылық ізденістер мен толайым табыстарға толы болсын!