Сайт бойынша іздеу
Академияда жұмыс берушілермен кездесу өтті

2026 жылғы 15 сәуірде Қазақ ұлттық хореография академиясының конференц-залында жұмыс берушілермен кездесу офлайн және онлайн форматта өтті.

Іс-шара бітіруші курс студенттері мен мәдениет ұйымдарының өкілдерін біріктіріп, тәжірибе алмасу мен кәсіби байланыстар орнатуға тиімді алаң болды.

Кездесудің негізгі мақсаты — түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және жұмыс берушілерге бос жұмыс орындарына білікті мамандарды іріктеуге көмектесу. Қатысушылар еңбек нарығындағы өзекті талаптарды талқылап, мансап құру бойынша практикалық ұсыныстар алды.

Шақырылған қонақтар қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, «Шалқыма» халық би ансамблі, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония, Түркістан музыкалық-драма театры, «Гүлдер» ансамблі, «CONTRASST» би театры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ән және би ансамблі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық ансамблі, сондай-ақ CPG Media Group медиакомпаниясы және басқа ұйымдар болды.

Кездесу барысында студенттер жоғары белсенділік танытып, сұрақтар қойып, өздерінің үміттері және кәсіби қызығушылықтарымен бөлісті. Ал жұмыс берушілер өз ұжымдары, бос жұмыс орындары және үміткерлерге қойылатын талаптар туралы ақпарат ұсынды.