Сайт бойынша іздеу
Республикалық семинар академияда өтті

2026 жылғы 13 ақпанда Қазақ ұлттық хореография академиясында негізгі орта, техникалық және кәсіптік білім беру оқытушыларына арғалған «Негізгі құзыреттіліктерді дамыту: жасанды интеллектті қолданудағы педагогтердің тәжірибесі» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – білім беру процесінде ЖИ құралдарын тиімді қолдану арқылы білім алушылардың негізгі құзыреттіліктерін дамыту жолдарын талқылау және педагогтердің озық тәжірибесін тарату.

Семинарға Астана, Алматы, Тараз, Қызылорда, Қостанай, Көкшетау, Қарағанды – еліміздің бірқатар өңірінің оқу орындарынан педагогтер, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының басшылары мен сарапшылар қатысты. Қатысушылар заманауи білім беру талаптары, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері, жекелендірілген оқыту, сыни ойлауды дамыту және оқу процесін тиімді ұйымдастыру мәселелерін кеңінен талқылады.

Бағдарлама аясында: ашық сабақтар өткізілді, мазмұнды баяндамалар ұсынылды, тәжірибелік көрсетілімдер өткізілді, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды, қатысушылар арасында пікір алмасу алаңы жұмыс істеді.

Семинар барысында жасанды интеллекттің педагог қызметіндегі рөлі, оның оқыту сапасын арттыруға, білім алушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға ықпалы атап өтілді. Спикерлер өз тәжірибелерінен нақты мысалдар келтіріп, ЖИ құралдарын сабақта қолданудың тиімді әдістерімен бөлісті.

Іс-шара соңында қатысушылар семинардың практикалық маңызын ерекше атап өтіп, мұндай кәсіби кездесулердің білім беру сапасын арттыруда үлкен рөл атқаратынын жеткізді.

Семинар педагогтердің кәсіби дамуына, тәжірибе алмасуына және білім беру үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізуге бағытталған маңызды алаңға айналды.