2026 жылғы 26 мамырда Қазақ ұлттық хореография академиясының кәсіптік білім беру мектеп-колледжінде 9-сынып түлектеріне арналған «Dance Award 2026» атты салтанатты бітіру кеші өтті.
Мерекелік шара түлектерді, педагогтерді, ата-аналарды және Академия қонақтарын бір арнаға тоғыстырды. Бұл кеште сахна оқушылардың таланты, еңбексүйгіштігі мен шығармашылық жетістіктерінің символына айналды.
Кеш бағдарламасында ұстаздарға арналған жүрекжарды алғыс сөздер айтылып, шығармашылық нөмірлер ұсынылды, түлектердің қоштасу вальсі орындалды, мерекелік флешмоб ұйымдастырылды, сондай-ақ Академия ұстаздарына арналған фильм көрсетілді. Музыкалық қойылымдар мен интернат тәрбиеленушілерінің тосын сыйы кештің ерекше әсерлі атмосферасын қалыптастырды.
Түлектерге ақ жол тілеп, Академияның кәсіптік білім беру мектеп-колледжінің басшысы, «Құрмет» орденінің иегері Светлана Кокшинова сөз сөйледі: – Бүгін біз талантты, көрікті, нағыз есейген өнер иелеріне айналған түлектерімізді құрметтеп, құттықтап отырмыз. Артта оқу жылдары, табанды еңбек пен алғашқы сахналық жеңістер қалды. Бірақ бұл соңғы белес емес, болашақ мамандық жолындағы маңызды кезең. Алдарыңызда жаңа емтихандар, жаңа сахналар мен жаңа жетістіктер күтіп тұр. Өзгерістерден қорықпаңыздар, өздеріңізге және кез келген есікті аша алатын ішкі күштеріңізге сеніңіздер. Академия қабырғасында алған білім мен тәжірибе болашақ табыстарыңыздың берік негізіне айналсын. Сіздерге сәтті жол, шабыт және үлкен шығармашылық жеңістер тілеймін.
Салтанатты рәсім аясында оқу үлгерімі үздік, Академия өміріне белсенді қатысқан және шығармашылық жетістіктерге жеткен оқушыларға грамоталар мен естелік мүсіншелер табысталды.
«Dance Award 2026» түлектер кеші түлектер өміріндегі маңызды кезеңнің аяқталуын және жаңа шығармашылық жолдың басталуын айшықтаған жарқын әрі есте қаларлық оқиға болды.