Сайт бойынша іздеу
Астанада «TEMPS LIÉ» IV халықаралық фестивалінің баспасөз конференциясы өтті: әлемнің жетекші балет мектептерінің өкілдері хореографиялық өнердің болашағын талқылады

Хореографиялық оқу орындарының IV халықаралық «TEMPS LIÉ» фестивалі аясында Қазақстан, Қытай, Ресей, Бразилия, Венгрия және Моңғолияның жетекші балет мектептері мен академияларының басшылары және өкілдерінің қатысуымен халықаралық баспасөз конференциясы өтті.

Кездесу хореографиялық білім беруді дамыту, классикалық балет мұрасын сақтау, би өнерінің заманауи үрдістері және халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша кәсіби пікір алмасу алаңына айналды.

Баспасөз конференциясына Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова, Академияның және «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова, Қытай Коммунистік партиясы Бейжің би академиясы комитеті хатшысының орынбасары Донг Пинг, әйгілі балет әртісі, Бейжің би академиясы балет департаментінің директоры Владимир Малахов, белгілі венгр хореографы, балетмейстер әрі педагог Дьюла Харангозо, Борис Эйфман би академиясының классикалық және дуэттік-классикалық би бөлімінің оқытушысы Ольга Красильникова, Моңғолия опера және балет театрының бас балетмейстері Гэрэлчимэг Хоролдаваа, Бразилиядағы Үлкен театр мектебінің бас директоры Павел Казарян қатысты.

Іс-шара барысында фестиваль қатысушылары халықаралық мәдени және білім беру алмасуының маңызын талқылап, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті және ұсынылған хореографиялық туындылардың ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Шығармашылық ізденістерге, қойылымдарды сахналау тәсілдеріне және заманауи хореографиялық өнерді дамытудағы халықаралық ынтымақтастықтың рөліне ерекше назар аударылды.

«TEMPS LIÉ» фестивалі 2018 жылы Қазақ ұлттық хореография академиясының бастамасымен құрылған. Өткізілген жылдар ішінде ол кәсіби хореографиялық оқу орындарының өзара тәжірибе алмасуы мен шығармашылық байланыстарын нығайтуға арналған маңызды халықаралық алаңға айналды. Фестивальдің басты мақсаты — шығармашылық және білім беру байланыстарын нығайту, педагогикалық тәжірибе алмасу және әртістердің жаңа буынын қолдау.