Қазақ ұлттық хореография академиясы – ЮНЕСКО клубының базасында Қазақстанның ЮНЕСКО клубтары ұлттық федерациясы Басқармасының кеңейтілген отырысы өтті. Кездесу гибридті форматта ұйымдастырылып, оған өңірлік өкілдіктер мен еліміздің түрлі аймақтарындағы ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырыс барысында Қазақстанның ЮНЕСКО клубтары ұлттық федерациясының 2026 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, клубтық қозғалысты дамытудың перспективалары және Федерацияның 2027 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі ЮНЕСКО клубы мәртебесін алуға үміткер ұйымдардың кандидатураларын қарастыру болды. Алты айлық сынақ мерзімінің қорытындысы бойынша Басқарма Қазақстанның түрлі өңірлерінен ұсынылған 46 ұйымның кандидатурасын қарады. Сонымен қатар отырысқа қатысушылар ЮНЕСКО клубына үміткер мәртебесін алуға өтініш білдірген тағы 16 ұйымның өтінімдерін қарастырды.
ЮНЕСКО клубтары желісін кеңейту халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту, білім беру, мәдениет, шығармашылық және қоғамдық бастамаларды дамыту, сондай-ақ жастар арасында ЮНЕСКО құндылықтарын ілгерілету жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Сондай-ақ отырыс аясында Федерация қызметіне қатысты ұйымдастырушылық мәселелер, оның ішінде өңірлік өкілдіктерді дамыту және клубтар арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Елордадағы клубтық қозғалысты дамытуда Қазақ ұлттық хореография академиясы ерекше рөл атқарады. Академия Астана қаласындағы Қазақстанның ЮНЕСКО клубтары ұлттық федерациясының өңірлік өкілдігі қызметін атқара отырып, ЮНЕСКО құндылықтарын дәріптеуге, халықаралық мәдени диалогты қолдауға және білім беру мен шығармашылық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Қазақстандағы ЮНЕСКО клубтарының қозғалысы өз қызметінің ауқымын кеңейтуді жалғастырып, бейбітшілік, өзара түсіністік, білім беру және мәдени әралуандылық идеяларын ілгерілетуге мүдделі ұйымдарды ортақ мақсат төңірегіне біріктіруде.