2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумның қорытындысы бойынша қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Бұл тарихи оқиға тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіріп, саяси жүйені жаңғыртуға, демократиялық институттарды нығайтуға және азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.
Бұл айтулы оқиғаның ерекше символдық мәні бар. Өйткені республикалық референдум 15 наурызда – жалпыхалықтық «Наурызнама» онкүндігінің алғашқы күні өтті. Бұл күннің таңдалуы конституциялық реформалардың ұлттық бірлік, келісім, жасампаздық және жаңару құндылықтарымен сабақтастығын айқындайды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция еліміздің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудің берік негізі болатынын атап өтіп, жаңа конституциялық дәуірдің басталуы Наурыз мерекесінің жаңару идеясымен тығыз байланысты екенін жеткізді.
Жаңа Конституция мемлекеттік басқарудың қағидаттарын бекітеді, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін кеңейтеді, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қоғамның қатысу тетіктерін күшейтеді және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының берік құқықтық негізін қалыптастырады.
Қазақ ұлттық хореография академиясы үшін жаңа Конституцияның маңызы ерекше. Ол білім беру, ғылым, мәдениет және өнер салаларын дамытуға, шығармашыл жастарды қолдауға, ұлттық мәдени мұраны сақтауға және жоғары білікті мамандар даярлауға басымдық береді.
Академия ұжымы еліміздің одан әрі дамуына бағытталған реформалар бағытын қолдайды және білім мен мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға өз үлесін қосады. Сондай-ақ Қазақстанның мәдениетін халықаралық деңгейде лайықты таныта алатын, білікті әрі бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын тәрбиелеу жолындағы қызметін жалғастырады.
Жаңа Конституцияның күшіне енуі мемлекеттің одан әрі дамуына, азаматтық бірлікті нығайтуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және заңдылық, әділдік пен өзара құрмет қағидаттарына негізделген қоғамды қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.