Профессор Асен Диамандиев атындағы Музыка, би және бейнелеу өнері академиясында (Пловдив, Болгария) «Өнер саласындағы менеджмент пен маркетинг мәселелері» атты XIII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Форум өнер ұйымдарын басқарудың заманауи теориялық және қолданбалы аспектілеріне, сондай-ақ өнер мен бизнестің өзара байланысына арналды.
Конференцияның басты мақсаты – түрлі елдер мен университеттердің ғалымдарын, менеджерлерін, сарапшыларын және жас зерттеушілерін біріктіріп, өнер ұйымдарын басқару мен креативті индустрияларды дамыту мәселелерін талқылау болды. Конференцияға Грекия, Румыния, Индонезия, Қытай, Қазақстан және Болгарияның жеті жоғары оқу орнының арт-менеджмент саласындағы мамандары қатысты.
Конференция жұмысына Қазақ ұлттық хореография академиясының ғылыми жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі директоры, профессор Жанна Толысбаева қатысып, «Қазіргі заманғы білім мен өнерді дамытудағы коллаборацияның маңызды рөлі» атты баяндама жасады. Баяндамада Қазақ ұлттық хореография академиясының әлемдік үздік тәжірибені біріктіріп, өзіндік коммуникация және серіктестік стилін қалыптастырып отырған оқу орны ретіндегі тәжірибесі баяндалды.
Профессор Асен Диамандиев атындағы Музыка, би және бейнелеу өнері академиясы – біздің Академияның ұзақ мерзімді серіктесі болып табылады. Екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық бірнеше жылдан бері дамып келеді және офлайн форматта жалғасуда. 2025 жылдың сәуір айында «Ұлы Даланың ұлы тұлғалары» атты ғылыми конференцияның қонақтары ретінде болгариялық ғалымдар Весела Казашка мен Цветомира Иванова қатысқан болатын. Ал қараша айында Пловдив қаласында өткен халықаралық ғылыми форумға Жанна Толысбаева шақырылды. Алдағы уақытта ғылыми-зерттеу және академиялық қызметті жалғастырып, одан әрі жандандыру жоспарлануда.