2026 жылғы 13–17 сәуір аралығында Академияда Ғылым апталығы – 2026 өтеді. Аталған іс-шара ғылым мен өнер саласындағы студенттерді, магистранттарды, докторанттарды, оқытушыларды және халықаралық сарапшыларды біріктіреді. Бағдарлама ғылыми әлеуетті дамытуға және тәжірибе алмасуға бағытталған конференциялар, конкурстар, дәрістер мен пікірталас алаңдарын қамтиды.
13 сәуір күні сағат 11:00-де акт залында «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ашылуы өтеді. Пленарлық отырыс аясында ғылыми баяндамалар ұсынылып, тарихи-мәдени мұраның өзекті мәселелері талқыланады. Сол күні сағат 14:00-де Академияның Кіші трибунасында (462 және 455 аудиториялар) білім алушылар өз баяндамаларын ұсынады.
14 сәуір күні сағат 10:00-де 455 аудиторияда Болгариядағы Панчио Владигеров атындағы Ұлттық музыкалық академияның профессоры, шетелдік зерттеуші Емилия Кръстева Коларова-Гидишка дәріс оқиды. Сағат 15:00-де Академияның екінші курс магистранттары арасында үздік постерлік баяндамаға арналған конкурс өтеді.
15 сәуір күні сағат 11:00-де 455 аудиторияда «Ғылыми мәтін сапасының критерийлері: “Arts Academy” журналындағы верификация және жариялау тәжірибесі» тақырыбында ғылыми семинар ұйымдастырылады. Семинар барысында қатысушылар ғылыми жарияланымдарға қойылатын заманауи талаптарды талқылайды. Сағат 15:00-де студенттердің шығармашылық және зерттеушілік бастамаларын дамытуға бағытталған «Үздік арт-жоба» конкурсы өтеді.
16 сәуір күні сағат 11:00-де конференц-залда «Қазақстанның креативті индустрияларының экожүйесі: ШОБ-тың орны, институционалдық кедергілер және даму нүктелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді. Қатысушылар креативті сектордың даму перспективаларын және оның ел экономикасындағы рөлін талқылайды. Сағат 15:00-де өнер саласындағы жас ғалымдар арасында «Үздік ғылыми жарияланым» республикалық конкурсы ұйымдастырылады.
17 сәуір күні сағат 15:00-де 462 аудиторияда «Өмірге арналған актерлік шеберлік» тақырыбында Science cafe өтеді. Спикер ретінде М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актері және шешендік өнер пәнінің оқытушысы Максим Ященко сөз сөйлейді. Сағат 16:00-де Ғылым апталығы – 2026 салтанатты түрде жабылады.
Іс-шараларды ұйымдастыруды Академияның ғылым, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және аккредиттеу бөлімі факультеттердің қолдауымен жүзеге асырады. Ғылым апталығы – 2026 білім алмасуға, ғылыми жетістіктерді таныстыруға және академиялық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналады.
Мақаланың авторы Томирис Бекмурзина