Жапондық балет мектептері қазақстандық хореографиялық білім беру жүйесіне басымдық беруде. 11–17 қазан аралығында Астана қаласына Yoshiko Takagi балет мектебінің (Жапония) делегациясы келді. Жапондық ұстаздар болашақ әртістердің кәсіби шеберлігін шыңдау үшін Академияны төртінші жыл қатарынан таңдап отыр: биылғы тағылымдамаға 4 оқытушының жетекшілігімен 22 білім алушы келді.
Делегация құрамының жыл сайын артуы қазақстандық хореография мектебіне деген жоғары сенімнің айғағы. Қонақтар үшін арнайы қарқынды білім беру бағдарламасы әзірленді: Академияның жетекші ұстаздары жас таланттарға классикалық және халықтық-сахналық би, сондай-ақ балет вариацияларының әлемдік мұрасы бойынша шеберлік сыныптарын өткізуде.
Кездесу барысында Академия ректоры Бибігүл Нүсіпжанова жапондық әріптестеріне шынайы алғысын білдіріп, қатысушыларды ықыласпен қарсы алды: «Біздің ынтымақтастығымызға төрт жыл толып, сіздермен шынайы бауырласып қалдық. Ұстаздар мен ата-аналардың осы сапарларды ұйымдастыруға жұмсайтын ерен еңбегін жоғары бағалаймыз және біздің академияға көрсеткен сенімдеріңізге шын жүректен алғыс айтамыз. Балалардың бізге үлкен қызығушылықпен, балетке деген шексіз сүйіспеншілікпен оқуға келгенін көру біз үшін үлкен қуаныш. Академияның мерейтойлы жылында біз қызықты әрі мазмұнды бағдарлама дайындауға тырыстық, бұл сапар балаларға мол білім мен шабыт сыйлайды деп үміттенеміз», - деп атап өтті Бибігүл Нүсіпжанова.
Өз кезегінде, жапон тарапының өкілдері көрсетілген жылы ықылас үшін ризашылықтарын жеткізіп, балалардың Астанаға әр сапарды асыға күтетінін, ал Академия ұстаздарынан тәлім алу олар үшін баға жетпес кәсіби тәжірибе екенін атап өтті.
Балет залдарындағы қарқынды сабақтармен қатар, бағдарлама Қазақстанның мәдени өмірімен танысуды да қамтиды. Қонақтар ҚР Ұлттық музейін аралап, «Астана Опера» және «Астана Балет» театрларында болады, онда «Алтын Гүл» ұлттық балетін тамашалап, еліміздің басты сахнасында табысты өнер көрсетіп жүрген Академия түлектерімен жүздеседі.