2026 жылғы 8, 15 және 16 сәуір күндері Astana Opera сахнасында «Баядерка» балетінің көрсетілімдері жоғары табыспен өтті. Бұл қойылым елорда мәдени өміріндегі жарқын оқиғаға айналды. Көрермендер Людвиг Минкус музыкасы мен Мариус Петипа хореографиясы үйлескен, ежелгі Үндістанның тылсым атмосферасын бейнелейтін классикалық мұраның ең поэтикалық туындыларының бірін тамашалады.
Көрермендердің ерекше назарын Қазақ ұлттық хореография академиясы білім алушыларының қатысуы аударды. Жас бишілер «Ману» және «Арапчат» партияларында сенімді өнер көрсетіп, жоғары техникалық дайындықтарын ғана емес, сондай-ақ сахналық шеберліктерін де паш етті. Олардың өнер көрсетуі қойылымға ерекше серпін мен көркемдік мәнер қосты.
Ең әсерлі сәттердің бірі — «Көлеңкелер» көрінісі болды. Онда «Балет әртісі» бағыты бойынша білім алушылар өнер көрсетіп, қозғалыстың дәлдігі мен үйлесімділігі арқылы көрермендерді тәнті етті. Бұл көрініс ерекше визуалды әсер қалдырып, көрермендердің шынайы қошеметіне ие болды.
Жас әртістердің жетістігінің артында педагогтар — Гүлнар Алиева, Людмила Макарцева, Гүлмира Сайфуллина және Ляззат Тазабекова сынды ұстаздардың қажырлы еңбегі жатыр. Олардың тәлімгерлігінің арқасында шәкірттер өз мүмкіндіктерін толық ашып, үлкен сахнада лайықты өнер көрсете алды.
Бұл қойылымға қатысу жас орындаушылар үшін кәсіби қалыптасу жолындағы маңызды қадам болып, оларға үлкен театр өнерінің бір бөлшегі екенін сезінуге мүмкіндік берді.