Сайт бойынша іздеу
Плагиатқа тексеруді жүргізу жолдары: ережелер, нормалар және академиялық адалдық

2025 жылдың 21 қарашасында Қазақ ұлттық хореография академиясында Science Café форматындағы «Плагиатқа тексеруді жүргізу жолдары: ережелер, нормалар және академиялық адалдық» атты кездесу өтті.

Іс-шара дипломдық, магистрлік және докторлық диссертацияларды дайындау талаптарына, академиялық жазу ережелеріне және StrikePlagiarism жүйесімен дұрыс жұмыс істеу мәселелеріне арналды. Кездесудің спикері – ғылым, жоғары оқу орнынан кейінгі білім және аккредиттеу бөлімінің жетекші маманы Жунусов Серік Қазырқанұлы Академия білім алушыларының жазбаша және зерттеу жұмыстарына жүргізген көпжылдық тәжірибесімен бөлісті. Ол өзінің тәжірибесінде жүздеген жұмысты тексерген маман ретінде студенттердің жиі жіберетін қателіктерін, академиялық адалдықты бұзу әрекеттерін және заманауи плагиатты тексеру жүйелерінің мүмкіндіктерін жақсы білетіндігін атап өтті.

Кездесу барысында Серік Қазырқанұлы StrikePlagiarism жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, сәйкестікті анықтау үшін қандай алгоритмдер қолданылатынын және жүйені айналып өтудің неге мағынасыз екенін егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол машиналық аударма, символдарды ауыстыру, мәтінді техникалық түрде өзгерту немесе басқаша айтуды пайдалану сияқты жасанды әрекеттердің барлығы жүйе тарапынан құрылымдық және стилистикалық сәйкессіздіктер арқылы оңай анықталатынын айтты. Спикер студенттерді академиялық адалдық нормаларын сақтауға, басқа авторлардың еңбегіне құрметпен қарауға, дереккөздерді дұрыс рәсімдеуге және өз зерттеулерінде дербес жұмыс істеуге үндеді.

Студенттер талқылауға белсенді қатысып, дәйексөз көлемінің шекті нормалары, шетелдік дереккөздердің тексерілу ерекшеліктері, мәтіндер жазуда жасанды интеллекті қолдану ережелері және библиографиялық сілтемелерді ресімдеу ережелері туралы сұрақтар қойды. Кездесу мазмұны жағынан өте пайдалы әрі жанды атмосферада өтіп, қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.