2025 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақ ұлттық хореография академиясында жаңа оқу жылының басталуына арналған Білім күні мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Бұл – әрбір оқушы мен ұстаз үшін ерекше, қуанышқа толы әрі шабыт беретін күн.
Ата-аналар, ұстаздар, Академия ұжымы мен қадірлі қонақтар жиналған жиын мемлекеттік Ту мен Әнұранның орындалуымен басталды. Басты назар – алғаш мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушыларына аударылды. Жаңа оқу жылында Академияға қабылданған бүлдіршіндерге қол соғып, қошемет көрсетіліп, сахнаға шақырылды. Балалар алғашқы өлең шумақтарын оқыды. Олардың балғын үні мен таза сезімі көрермендерге әсерлі сәттер сыйлады.
Салтанатты жиында Академия ректоры Бибігүл Нұрғалиқызы Нүсіпжанова жылы лебізін білдіріп, шәкірттерге жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
2025-2026 оқу жылы Академия үшін ерекше маңызға ие. Келер жылы – 2026 жылы, Қазақ ұлттық хореография академиясы өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтпек. Бұл айтулы датаға қадам басу – бүгінгі жаңа оқу жылының басты ерекшелігі болды.
Сонымен қатар, биыл еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отырғаны аталып өтті. Бұл дата – тәуелсіз елдің іргесін бекемдеп, өсіп-өркендеудің нышаны ретінде ерекше мәнге ие.
Мереке аясында 1-сынып оқушыларына алғаш рет қолдарына "Әліппе" кітабы табыс етіліп, олардың мектеп өміріне алғашқы қадам жасауы ерекше тебіреніспен өтті. Салтанатты жиынның шарықтау шегі – алғашқы қоңырау үні болды. Бұл жауапты міндетті 1-сынып оқушылары Тулепова Айлана мен Жомарт Омар орындап, 2025-2026 оқу жылының ресми түрде ашылғанын білдірді.
Жиын соңында ата-аналар үшін Академия бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылып, кәсіптік білім беру мектеп-колледжінің басшысы Светлана Юрьевна Кокшинова таныстырылым жасады.