Шілде айының алғашқы жексенбісінде Қазақстанда Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Бұл мереке – қазақ халқының рухани мұрасы мен ұлттық болмысының ажырамас бөлігіне айналған қасиетті аспапқа деген құрметтің белгісі. Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ол – ғасырлар бойы қалыптасқан тарихтың, ұлттық жадымыздың және мәдени бірегейлігіміздің айқын көрінісі. Сан ғасырлар бойы оның қоңыр үні халқымыздың өміріндегі маңызды оқиғаларға куә болып, ұрпақтарды сабақтастырып, рухани құндылықтарды ұстаздан шәкіртке жеткізіп келеді.
Домбыраның тарихы Ұлы даланың тарихымен тығыз байланысты. Ғасырлар бойы ол көшпелі қазақ халқының сенімді серігі болып, оның әуені халықтың тұрмыс-тіршілігін, ерлікке толы тарихи оқиғаларын, туған жердің сұлулығын, махаббатты, батырлықты және адам тағдырын бейнеледі. Өзінің қайталанбас үні арқылы домбыра Қазақстанның ең танымал ұлттық нышандарының біріне айналып, еліміздің мәдени мұрасын әлемге танытып келеді.
Қазақтың дәстүрлі музыка мәдениетінде күй өнерінің орны ерекше. Күй – сөзсіз орындалатын музыкалық шығарма ғана емес, халқымыздың тарихын, аңыздарын, дүниетанымын, мен философиялық ой-толғамын жеткізетін ерекше өнер. Әрбір күйде белгілі бір оқиға, адамның жан дүниесі немесе табиғат құбылыстары көркем тілмен бейнеленеді. Күй орындаушысы шығарманың мазмұнын терең түсініп, тыңдарманға оның рухын жеткізе білуі тиіс. Қазақтың дәстүрлі домбыра күй өнері 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне әлемдік мәдениеттің бірегей құбылысы ретінде енгізілді.
Күй өнерінің дамуына Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Дина Нұрпейісова, Қазанғап Тілепбергенұлы және басқа да көптеген көрнекті күйші-композиторлар өлшеусіз үлес қосты. Олардың шығармалары бүгінгі күні де орындаушылық өнердің биік шыңы әрі Қазақстанның мәдени мұрасының баға жетпес қазынасы болып саналады. Әрбір күй – халқымыздың тарихын, дүниетанымын және рухани құндылықтарын бейнелейтін тірі шежіре.
Домбыра үні хореография өнері үшін де сарқылмас шабыт көзі болып табылады. Ұлттық аспаптық музыка қазақ биінің ырғағын, пластикасын және сахналық бейнесін айқындайды. Домбыраның әуені арқылы би қимылдарының мінезі ашылып, шығарманың көркемдік мазмұны тереңдей түседі. Көптеген халықтық және заманауи хореографиялық қойылымдары әйгілі күйлердің негізінде сахналанып, музыка мен бидің үйлесімді үндестігін көрсетеді.
Қазақ ұлттық хореография академиясында ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Болашақ балет әртістері, педагогтер, балетмейстерлер мен хореографтар қазақтың дәстүрлі музыка өнерімен терең танысып, ұлттық би мәдениетінің ерекшеліктерін меңгереді және оларды шығармашылық жобаларда, оқу және концерттік қойылымдарда кеңінен қолданады. Бұл білім алушылардың кәсіби шеберлігін жетілдіріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
Бүгінде Қазақстан өзінің мәдени болмысын сақтай отырып, қарқынды дамып келеді. Осындай кезеңде домбыра ұрпақтарды біріктіретін, отансүйгіштік сезімді тәрбиелейтін және тарихи тамырмен байланысты нығайтатын қасиетті мұра ретінде өз маңызын жоғалтқан жоқ. Оның қоңыр үні ұлттық бірліктің жарқын белгісі болып қала берсе, күй өнері музыканттарды, өнерпаздарды және хореографтарды жаңа шығармашылық белестерге жетелейтін баға жетпес рухани қазына саналады.
Ұлттық домбыра күні – қазақ халқының бай мәдени мұрасымен қайта қауышып, ата-бабадан аманат болып жеткен асыл қазынаға тағзым етудің және оны келер ұрпаққа лайықты түрде сақтап жеткізудің маңызды мүмкіндігі.