Сайт бойынша іздеу
Карлос Ромеро Қазақ ұлттық хореография академиясында жұмыс жүргізді

Испания ұлттық балетінің артисі және хореографы Карлос Ромеро мен оның ассистенті Люсия Гарсия Қазақ ұлттық хореография академиясына Испаниядан арнайы қонақ ретінде келді.

Карлос Ромеро – Мадрид қаласындағы Mariemma Корольдік кәсіби би консерваториясының түлегі. Ол Испания Ұлттық балетінің солисі болған, сондай-ақ әлемдегі ең үздік Mariemma түлегі. Ол Испания Ұлттық балетінің солисі болған, сондай-ақ әлемдегі ең үздік сахналардың бірі саналатын театрларда өнер көрсеткен. Атап айтқанда, Мадридтің Корольдік театры, Bunka Kaikan (Токио), Корольдік опера театры және Метрополитен-опера сахналарында өнер көрсеткен.

2022 жылдан бастап ол Тания Мартинмен бірге Мадрид қаласындағы Тания Мартин және Карлос Ромеро кәсіби би студиясын басқарып келеді, сондай-ақ Андалусия фламенко мектебінде «Испан биі» бағытының жетекшілері болып табылады.

2024 жылы Карлос Ромеро өзінің шығармашылық жетістіктері үшін Капри қаласында өткен халықаралық би сыйлығы – италиялық Capri Dance Award марапатына ие болды.

Қазақ ұлттық хореография академиясына жасаған шығармашылық сапары аясында Карлос Ромеро хореография факультеті мен мектеп-колледждің білім алушыларымен классикалық испан биінің қойылымын дайындау бойынша жұмыс жүргізді. Ол білім алушыларды испан хореографиялық мектебінің ерекшеліктерімен, оның стилі, музыкалылығы және қозғалыстың ұлттық сипатымен таныстырды.

Қойылымның музыкалық негізі ретінде Boléro Морис Равельдің және El sombrero de tres picos балетіндегі «Las jotas» шығармалары таңдалды.

Жұмыс Академияның арнайы пәндер оқытушыларымен тығыз ынтымақтастықта, білім алушылардың дайындық деңгейі мен жас ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілді. Материал әртүрлі топтарға бейімделіп, сонымен бірге испан биінің түпнұсқалық сипаты, ырғақтық күрделілігі, көркемдік мәнерлілігі және сахналық қуаты сақталды.

Хореографтың ассистенті Люсия Гарсия — испан биінің кәсіби бишісі. Ол Мурсия кәсіби би консерваториясының және Малага қаласындағы Анхель Перисет атындағы Жоғары би консерваториясының «Хореография және орындаушылық өнер» мамандығы бойынша түлегі.

Қазіргі уақытта ол Тания Мартин мен Карлос Ромеро жетекшілігімен EDPT кәсіби жетілдіру бағдарламасын меңгеруде.

Люсия Гарсия Академия білім алушыларымен репетициялық процесті сүйемелдеп, техника, музыкалық екпіндер мен орындаушылықтың стильдік ерекшеліктерін жетілдіруге көмектесті.

Бұл сапар Академияның халықаралық шығармашылық ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадам болып табылады және студенттерге испан балет мектебінің жетекші өкілдерімен жұмыс істеу арқылы кәсіби тәжірибе жинақтауға, көркемдік көкжиегін кеңейтуге және ұлттық хореография саласындағы білімдерін тереңдетуге бірегей мүмкіндік береді.

Испаниялық қонақтардың сапары Қазақстандағы Испания Елшілігінің жан-жақты қолдауының арқасында жүзеге асты. Академия аталған мекемемен жас таланттарды қолдауға бағытталған бірлескен білім беру жобасы аясында нәтижелі ынтымақтастық орнатты.