2026 жылғы 6–8 мамыр аралығында Қазақ ұлттық хореография академиясының өнертану және арт-менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Анар Аубакир заманауи өнер саласындағы әлемдегі ең ірі оқиғалардың бірі – 2026 жылғы Венеция биенналесіне қатысты. Ол Сырлыбек Бекботтың кураторлығымен ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының ұлттық павильонының шығармашылық тобы құрамына енді.
Қазақстан павильонының «Qoñyr: The Archive of Silence» («Тыныштық мұрағаты») жобасы қазақ мәдениетіне тән бірегей аудиовизуалды және рухани регистр – «Qoñyr» ұғымын зерттейді. Әбікен Хасеновтің күйіндегі мұңды әуен арқылы суретшілер тарихи жады мен ХХ ғасырдың жарақаттарын қайта пайымдап, оларды «үнсіз» өнер кеңістігіне – дыбыстық инсталляциялар, видео-арт және материалдық нысандармен жұмыс форматына айналдырады.
Экспозицияда Анар Аубакирдің «Matrix of the New Subject» («Қоңыр тақырыбына. Әсемдіктің жоғалуы») атты жұмысы ерекше орын алды. 1970-жылдардан 2026 жылға дейінгі кезеңді қамтитын отбасылық жәдігерлерді пайдалана отырып, автор жеке тарих пен тұрмыстық артефактілердің уақыт аясындағы трансформациясын зерттейді. Көркем туынды жадыны, материалдылықты және мәдени бірегейлікті біріктіріп, өткен мен бүгіннің өзара байланысын ашады.
Қазақ ұлттық хореография академиясы үшін оқытушының Венеция биенналесіне қатысуы академиялық өнертану мен халықаралық көркемдік процестің жоғары деңгейде ықпалдасқанын көрсететін маңызды оқиға болды. Мұндай тәжірибе Академияның білім беру ортасының дамуына және оның әлемдік мәдени кеңістіктегі беделінің нығаюына ықпал етеді.
Кәсіби бағдарлама аясында делегация биенналенің басты алаңдары – Джардини мен Арсеналеде өткен кәсіби аудиторияға арналған превью-көрсетілімдерге де қатысты. Сондай-ақ Prada Collection және Pinault Collection әлемдік жеке коллекцияларына, One Ocean Foundation қорының «As Above, So Below» көрме жобасына және басқа да халықаралық экспозицияларға ерекше назар аударылды.
Осындай ауқымды іс-шараларға қатысу өнертану және арт-менеджмент кафедрасының білім беру процесіне заманауи әлемдік үрдістерді енгізуге мүмкіндік береді. Бұл болашақ арт-менеджерлер мен сыншыларды даярлау ісін жетекші халықаралық институциялардың бірегей практикалық кейстерімен байыта түседі.