Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясы Қарағанды және Степногорск қалаларында Гала-концерттер өткізді

Республика күнін мерекелеу аясында және Қазақ ұлттық хореография академиясының 10 жылдығына орай Қазақстан қалаларында гастрольдік Гала-концерттер өткізілді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен іс-шаралар 16 қазанда Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Студенттер сарайы сахнасында және 18 қазанда Степногорск қаласының «Горняк» орталық мәдениет үйінде ұйымдастырылды.

Академия білім алушылары көрермендерге отандық және шетелдік хореографтардың қойылымдарын, жарқын ұлттық, сондай-ақ динамикалы заманауи және спорттық бал билерін біріктірген жоғары өнердің ұмытылмас мерекесін сыйлады.

Мәнерлі хореография, түрлі-түсті костюмдер және оқушылардың шынайы орындаушылық шеберлігі жұртшылықтың зор қошеметіне ие болды. Гастрольдік тур қала тұрғындарына нағыз эстетикалық қуаныш пен мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Дүркіреген қошеметпен аяқталған концерттер көрермендердің жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды. Қонақтар әртістерге сыйлаған өнері үшін шын жүректен алғыс айтып, Академияның қызметіне, оның бірегей оқыту жүйесі мен білім алушылардың шығармашылық жетістіктеріне үлкен қызығушылық танытты.