Қазақ ұлттық хореография академиясы Түркі мемлекеттері Ұйымы (ТМҰ) жанындағы Түркі мемлекеттері университеттері одағының (TÜRKÜNİB) мүшесі атанды.
Түркі мемлекеттері Кеңесінің саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев студенттер арасындағы академиялық ұтқырлықты дамыту және мәдениетаралық диалогты нығайту үшін жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл түркі елдерінің азаматтарына түркі мемлекеттерінде оқуға мүмкіндік береді және Түркі университеттері одағы аясында осы идеяны қолдап, жүзеге асыруға шақырды.
TÜRKÜNİB – бұл Түркі мемлекеттері Ұйымының (ТМҰ) қолдауымен жұмыс істейтін түркі мемлекеттері университеттерінің халықаралық бірлестігі. Одақтың мақсаты – жоғары білім, ғылым және академиялық ұтқырлық саласында түркі әлемі елдерінің университеттері арасындағы ынтымақтастықты дамыту.
Негізгі міндеті мен бағыты – түркі мемлекеттерінің университеттері арасындағы академиялық ынтымақтастықты қолдау. Бұған мыналар жатады: студенттер мен оқытушыларды алмастыруды ұйымдастыру (Орхон академиялық алмасу бағдарламасын қоса), бірлескен ғылыми зерттеулер, конференциялар, жобалар мен басылымдар, түркі мемлекеттері елдері мен университеттері арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайту, білім стандарттарын үйлестіру және академиялық біліктіліктерді өзара тану.
Қазақстан және Қазақ ұлттық хореография академиясы үшін TÜRKÜNİB-ке кіру білім беру интеграциясын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұл студенттер мен оқытушылар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге, сондай-ақ қатысушы елдер арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды нығайтуға тамаша мүмкіндік.
Қазақстандағы кейбір университеттер де одаққа мүше болып табылады. Олардың қатарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Назарбаев Университеті және басқа оқу орындары бар.
Түркі мемлекеттерінің университеттер одағы 2013 жылы Түркі мемлекеттері Ұйымының мүшелерінің бастамасымен түркі әлемінде білім беруді интеграциялау мақсатында құрылған. Бірлестік жұмысы университет өкілдерінің стратегиялық мәселелерді талқылайтын және жаңа мүшелерді қабылдайтын жалпы ассамблеялар арқылы үйлестіріледі.
Одақ Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты ТМҰ мүшесі елдерінен және білім беру ынтымақтастығы аясында Венгриядан ондаған университеттерді біріктіреді. Одаққа мүше жалпы оқу орындарының саны 170-тен асады.