2026 жылғы 2 қазанда Академияда көрнекті кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Менің атым Қожа: экрандағы мәңгілік балалық шақ» атты әдеби-танымдық кинокездесу өтті.
Қазақ ұлттық өнер университеті мен Қазақ ұлттық хореография академиясының бірлескен іс-шарасы «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны аясында ұйымдастырылды. Кинокездесу барысында «Менің атым Қожа» фильмінің көрсетілімі өтіп, фильмнің көркемдік ерекшеліктері мен бүгінгі күндегі өзектілігі талқыланды.
Іс-шараға Қазақ ұлттық өнер университетінің «Өнертану» кафедрасының аға оқытушысы, PhD, кинотанушы Камила Алимжанқызы Габдрашитова арнайы қонақ ретінде қатысып, Қарсақбаев шығармашылығы мен фильмнің маңызы туралы кіріспе сөз сөйледі. Кинотанушының атап өтуінше, көрермен балалар Қожаның бойынан өздерін көре алады. Сондықтан фильм арада қанша жыл өтсе де, өзектілігін жоғалтпайды. Нағыз режиссер – көрермен жүрегіне жол тауып, ой салатын, уақыт сынынан өтетін шығарма жасайтын режиссер.
Фильм көрсетілімінен кейін «Арт-менеджмент» және «Креативті арт- индустрия» білім беру бағдарламаларының 1-курс студенттері оқушыларға фильм желісі бойынша арнайы танымдық квиз ұйымдастырды. Оқушылар белсенділік танытып, кейіпкердің мінезі мен фильмнің идеясына қатысты қызықты сұрақтарға жауап берді. Атап айтқанда: «Қожаның бойындағы қандай қасиеттерді өз бойыңнан көргің келеді, ал қандай қасиетін өзгерткің келеді?», «Фильмнің басындағы және соңындағы Қожаның арасында қандай айырмашылық бар?», «Егер Қожа 2026 жылы өмір сүрсе, қандай оқушы болар еді?» деген сұрақтар талқыланды.
Іс-шара оқушылардың фильмге жаңаша көзқараспен қарауына, қазақ киносының классикалық туындыларын тануына және кітап пен киноның сабақтастығын тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.
Бірлескен мазмұнды әрі тағылымды іс-шараға атсалысып, кәсіби ой-пікірін бөліскені үшін кинотанушы Камила Алимжанқызы Габдрашитоваға алғыс білдіреміз!