Сайт бойынша іздеу
Академия білім алушылары «E-Light» халықаралық жобасына қатысты

2026 жылғы 10 маусымда Қазақ ұлттық хореография академиясының білім алушылары CNPC Central Asia Ltd. компаниясы ұйымдастырған «Энергетикалық Жібек жолындағы» жаңа буын жастар мәдени фестиваліне қатысты.

Фестивальге дайындық пен концерттік бағдарламаны ұйымдастыру Академияның концерттік қызмет және сахналық практика бөлімінің басшысы Гүлнар Әлиеваның жетекшілігімен жүзеге асырылды. Фестиваль аясында білім алушылар Академия қабырғасында қытайлық хореограф Марзия Мутайлифу қойған «Саврднг» биін орындады.

Фестиваль аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, халықаралық компаниялардың өкілдерін, мәдениет қайраткерлерін және Орталық Азия мен Қытайдың жастар көшбасшыларын біріктірген «E-Light – “Энергетикалық Жібек жолындағы” жаңа буын жастар мәдени фестивалі» халықаралық жастар форумы болды. Бағдарлама аясында «Жібек жолының энергетикалық ізі» тақырыптық көрмесі, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық, жастарды дамыту, ғылыми-техникалық инновациялар және мәдени өзара іс-қимыл мәселелеріне арналған панельдік сессиялар өткізілді.

Форум жұмысына Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова қатысып, екі панельдік сессияның спикері ретінде сөз сөйледі. «Білім мен тәжірибе бірлігі: жастардың өсуі» атты сессия барысында қатысушылар практикалық тәжірибені білім беру үдерісіне енгізу, кадрлық әлеуетті дамыту және жас мамандардың кәсіби өсуіне жағдай жасау мәселелерін талқылады. «Цифрлық жасампаздық: мәдени бірегейлік» сессиясында ұлттық мәдениетті сақтау және дәріптеу, мәдени бірегейлікті нығайту және шығармашылық индустрияларды дамыту үшін цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды. Аталған мәселелерді талқылау тәжірибе алмасуға және қазіргі жағдайдағы білім мен мәдениетті дамытудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етті.

Фестивальдің тағы бір іс-шарасы – Академия білім алушылары қатысқан «E-Light» флешмобы болды. Бұл өнер көрсету жастар, мәдениет және білім беру саласының өкілдерін біріктіріп, халықаралық ынтымақтастық пен мәдениетаралық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталды.

Фестиваль аясында өткен іс-шаралар Академия білім алушыларына кәсіби дағдыларын жетілдіруге, практикалық тәжірибе жинақтауға және халықаралық байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік берді. Алынған тәжірибе мәдениетаралық диалогтың дамуына, Орталық Азия елдері арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына ықпал етіп, жас орындаушылардың кәсіби және тұлғалық дамуы үшін маңызды мәнге ие.