Қазақ ұлттық хореография академиясында өнер саласындағы жас ғалымдар арасында өткен II Республикалық «Үздік ғылыми жарияланым» байқауының қорытындысы шығарылды. Байқау Академияның 2025 жылы бастаған бастамасының жалғасы болып, Қазақстанның шығармашылық жоғары оқу орындарындағы магистранттар мен докторанттардың зерттеу қызметін қолдауға бағытталды.
Байқауға еліміздің алты жоғары оқу орнының өкілдерінен 15 ғылыми мақала келіп түсті. Жұмыстар музыка, хореография, дизайн және арт-менеджмент секілді өнердің әртүрлі бағыттарын қамтыды. Барлық материал StrikePlagiarism жүйесінде тексеріліп, сараптамалық рецензиялаудан өтті. Бағалау барысында тақырыптың өзектілігі, ғылыми жаңалығы, зерттеу тереңдігі, қорытындылардың негізділігі, мәтіннің сапасы және академиялық жазу талаптарына сәйкестігі ескерілді.
Байқау жұмысына екінші жыл қатарынан қатысқан сарапшылар ұсынылған мақалалардың сапасы артқанын, зерттелген мәселелердің өзектілігін және ғылыми әдіснаманың жүйелі қолданылғанын атап өтті.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 2026 жылғы 15 сәуірде Қазақ ұлттық хореография академиясының Ғылым апталығы аясында өтті.
I дәрежелі дипломмен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің магистранты Әуесхан Алина Талғатқызы «Қазақстан композиторларының қобыз музыкасындағы мәдени парадигмалар» атты мақаласы үшін марапатталды.
II дәрежелі дипломды Қазақ ұлттық хореография академиясының магистранты Топанбаева Маймұра Бейсембайқызы «Аксессуарлардың көркемдік мәртебесі және олардың сән нарығындағы брендингі» атты мақаласы үшін иеленді.
III дәрежелі диплом Қазақ ұлттық хореография академиясының магистранты Даниярбеков Нұралем Қайратұлына «Қазақстандағы спорттық бал биінің даму үрдістері» атты зерттеуі үшін табысталды.
Қатысушыларға сертификаттар беріліп, үздік мақалалар Arts Academy ғылыми журналында жариялауға ұсынылды. Екінші байқаудың өткізілуі өнер саласындағы жас ғалымдардың зерттеу дағдылары мен жарияланымдық белсенділігін дамытуға арналған жыл сайынғы ғылыми алаңның қалыптасуына ықпал етті.