Қазақ ұлттық хореография академиясында айтулы іс-шара - 5-сынып балет әртістерін кәсіпке баулу салтанаты, сондай-ақ Мұғалімдер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Академияның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова шәкірттерге өзінің ізгі тілегін білдіріп, кәсіби сахнадағы алғашқы қадамдарымен құттықтады:
«Кәсіби сахнаға алғашқы қадамдарыңызбен құттықтаймын! Осынау айтулы күн жадыңызда мәңгі сақталсын. Мамандықты жүрек қалауымен таңдап, бұл сіздердің шын мәніндегі өмірлік жолдарыңыз деп үміттенемін. Өйткені жүрек пен жанның қалауымен таңдалған іс кез келген қиындықты жеңуге, өз кәсібіңізден шынайы ләззат алуға және үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Әрдайым биікке ұмтылып, сахнаны құрметтеулеріңізге және сүюлеріңізге тілектеспін. Біз сіздердің жоғары деңгейлі кәсіби маман болып қалыптасқандарыңызды шын жүректен қалаймыз және бұл үшін барлық күш-жігерімізді саламыз», - деп атап өтті ол.
Шара барысында болашақ балет әртістерінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ұстаздарға ерекше құрмет көрсетілді. Академия ұжымына арнаған құттықтау сөзінде Академия ректоры Бибігүл Нүсіпжанова былай деді:
«Қайырлы күн, қадірменді ұстаздар, ардақты ата-атаналар мен қымбатты балалар. Баршаңызды осынау көптен күткен ең жарқын, қуанышты, бәріңізге ыстық мейрам Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір мектеп, әрбір оқу орны табалдырығынан басталған, оның басты байлығы, құндылығы, өшпес сәулесі, еш тоқтаусыз соғатын мәңгі жүрегі ол – Ұстаз. Сондлықтан да, бүкіл адамзат ұстаздардың алдында құрметпен басын иетіні сөзсіз. Құрметті ұстаздар, әріптестер Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, ең алдымен аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай дейміз. Баршаңызға зор денсаулық, сарқылмас шабыт, шығармашылық табыс тілейміз. Әрдайым абырой биігінен көрініп, шәкірттеріңіздіңқұрметы мен махаббатына бөленіп, ұзақ, бақытты, баянды ғұмыр кешіңіздер. Мейрам құтты болсын!» - деді ол.
Іс-шараның қорытындысында жемісті еңбегі, жоғары педагогикалық шеберлігі және білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі табыстары үшін кәсіптік білім беру мектеп-колледжінің методисі Назира Абдулина ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталса, оқытушы Әсем Кәрім Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. Сонымен бірге, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен оқытушылар Айдар Ахмадиев, Асима Ахметова, Элеонора Жумадьярова және Залина Назарова марапатталды.
Салтанатты кештің жарқын түйіні ретінде концерттік бағдарлама ұсынылды. Академияның жас дарындары мен білім алушылары өздерінің кәсіби шеберліктерін паш етіп, классикалық хореографиялық мұраның гауһарлары мен ұлттық репертуардың жарқын нөмірлерін орындап, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.