Қазақ ұлттық хореография академиясының ұжымы өз студенттерін, сондай-ақ Академия оқытушылары — "Гүлдер" ансамблінің бас балетмейстер Анвара Садықованы және педагог-репетитор Дана Қуанышбекованы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен «Этно-би» халықаралық байқауының Гран-при жүлдесін иеленуімен шын жүректен құттықтайды.
Бұл жеңіс — Академиямыз үшін үлкен мақтаныш. Беделді халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғаған Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының аңызға айналған «Гүлдер» ансамблінің жаңартылған құрамының негізін біздің Академия студенттері құрайды.
Ауқымды хореографиялық додаға 8 елден, соның ішінде Түркия, Болгария, Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан, сондай-ақ Тыва және Саха (Якутия) республикаларынан келген жетекші кәсіби ұжымдар қатысты.
Қазылар алқасы студенттеріміздің техникалық дайындығын және Анвара Садықованың күрделі балетмейстерлік жұмысын жоғары бағалады. Байқау қорытындысы бойынша ең жоғары марапат — Гран-при жүлдесі Анвара Садықова мен «Гүлдер» ансамблінің әртістеріне лайықты түрде бұйырды.
Біз отандық би мектебінің әлемдік деңгейдегі жоғары мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеген білім алушыларымыз бен педагогтарымыздың үздік жетістіктерін мақтан тұтамыз.