Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясының академиялық, ғылыми және хореографиялық ынтымақтастығын дамыту

Көп жылдар бойы Академия шетелдік ұйымдармен және жоғары оқу орындарымен халықаралық байланыстар орнатып келеді.

Бүгінгі қуанышты жаңалығымыз: Академия Trinity Laban Conservatoire of Music and Dance (Ұлыбритания) және Бразилия Үлкен театрының мектебі (Бразилия) мекемелерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Trinity Laban – Ұлыбританияның астанасы Лондонда орналасқан музыка, би және орындаушылық өнер салаларына маманданған британдық жоғары оқу орны. Бұл оқу орны Академияның жоғары білім беру бағдарламалары бойынша серіктес болады.

Бразилия Үлкен театрының Балет мектебі 2000 жылдың 15 наурызында Бразилияның Санта-Катарина штатындағы Жоинвилл қаласында ашылған. Мектептің негізін әлемдік балет аңызы Владимир Васильев пен Бразилия губернаторы Луис Энрике да Силвейра қалаған. Үлкен театрдың балет мектебі Академияның кәсіптік білім беру мектеп-колледжі оқытушылары мен білім алушылары үшін бірлескен жұмыстар жүргізетін болады.

Хореографиялық өнер саласындағы кәсіби байланыстарды нығайту және озық тәжірибемен алмасу мақсатында тараптар ғылыми-шығармашылық және академиялық алмасуларды жүзеге асыруға бағытталған серіктестік қатынастарды дамыту туралы меморандумдарға қол қойды.

Ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі – білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығы болмақ.

Алмасу бағдарламалары студенттер мен педагогтарға кәсіби құзыреттерін кеңейтуге, би оқытудың түрлі әдістемелерімен танысуға мүмкіндік береді.

Тараптар сондай-ақ ғылыми-практикалық конференциялар, шеберлік сабақтары мен семинарларды қоса алғанда, бірлескен жобаларға белсенді қатысуды жоспарлап отыр. Хореография саласындағы ғылыми-зерттеу қызметіне ерекше назар аударылатын болады.

Бірлескен бастамаларды іске асыру кәсіби хореографиялық білім беруді дамытуға және халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосады.