Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясының студенті халықаралық турнирде алтын медаль жеңіп алды

Қазақ ұлттық хореография академиясының 1-курс студенті Мұхамеджан Қайратұлы Алматыда өткен беделді «Mundial Dance Cup International Dance Competition» халықаралық би турнирінің жеңімпазы атанды. Академия студенті латын америкалық бағдарлама бойынша өнер көрсетіп, орындаушылық шеберлік пен артистизмнің жоғары деңгейін танытты.

Көшбасшылық үшін бәсекеде Қазақстан, Ресей, Грузия, Қырғызстан, Беларусь, Қытай және БАӘ-ден келген ең мықты бишілер бақ сынасты. Халықаралық турнир жаңадан бастаған орындаушылар мен би өнерінің танымал шеберлерінің басын қосып, өзара тәжірибе алмасудың жарқын алаңына айналды.

«Мұхамеджанның бұл жеңісі – табанды еңбек пен мақсаттылықтың нәтижесі. Халықаралық аренада Қазақстанның атын абыроймен танытып жүрген студенттерімізді мақтан тұтамыз», - деді хореография факультеті деканының орынбасары Евгений Моисеев.

Қазақ ұлттық хореография академиясы Мұхамеджан Қайратұлын айтулы жеңісімен құттықтайды! Оған сарқылмас шабыт, шығармашылық табыс және жаңа жарқын белестерді бағындыруды тілейді!

Анықтама үшін: Mundial Dance Cup – еуропалық жене латын америкалық бағдарламалар, American Smooth және World Grand Prix шоу-номерлері бойынша жеке орындаушыларды, би жұптарын және Pro-Am форматындағы қатысушыларды біріктіретін спорттық бал билері бойынша халықаралық жарыс. Турнирдің беделді халықаралық төрешілер құрамы мен ұйымдастыру деңгейінің жоғары болуы оны хореография өнері әлеміндегі маңызды оқиғаға айналдырады.